«Үлкен опера» теледидарлық жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова «Богема» операсында шырқайды

03.03.2015 14:03 1508

11 наурызда «Астана Опера» театрының негізгі сахнасында Дж. Пуччинидің «Богема» операсы қойылады. Жеңіл мінезді Мюзеттаның партиясын «Үлкен опера» тележобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова орындайды. 

Басты кейіпкерлер мен орындаушылар: Рудольф, ақын – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жан Тәпин. Марсель, суретші – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин; ҚР еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев. Шонар, музыкант – Евгений Чайников. Коллен, философ – Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Артұр Қайыпқұлов. Мими – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова; ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ. Мюзетта – Салтанат Ахметова. Аталған қойылымда «Астана Опера» театрының Балалар Хоры өнер көрсетеді.

Операны қойған режиссер, Ресейдің халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александров арман мен күйбің тіршілік арасындағы қайғылы өмір қайшылықтарын оқиға арқылы зерделейді. Бұл кез келген заманға сай көрініс. Ол сонау Адам ата мен Хауа ана заманынан бергі әйел мен еркектің қарым-қатынасы жайлы сыр шертеді.Жиырма жастағылар жайында баяндайтын «Богема» операсы жиырмадағыларға арналған.

Көрініс Париждің Латын кварталында Рождество қарсаңында өрбиді. Операдағы кейіпкерлердің барлығы жастар.Атап айтсақ, бұл париждік мансардыларды мекендеген пақыр зиялы қауым өкілдері: ақын Рудольф, суретші Марсель, музыкант Шонар және философ Коллен. Пәтер ақысын төлеуге де, тамызыққа да көк тиындары болмаған олар, басқа түскен мұқтаждыққа қарамастан көңілді күн кешеді. Олардың күнделікті өмірі шаттық пенпоэзияның, достық пен махаббаттың құшағында өтеді. Өзі тұратын үйде көйлек-көншек тігетін Мимиді кезіктіретін Рудольф, оған бірден ғашық болып қалады. Мими де оны ұнатып қалғанын жасырмайды. Алайда бақытты күндер ұзаққа созылмайды. Рудольф пен Мимиге айырылысуға тура келеді: нәзік қыз өкпе ауруына шалдығады, ал Рудольфтің үйі дымқыл да, суық.Қыс та артта қалып, Мими Рудольфқа қайта кезігеді, алайда байқұс қыздың күні санаулы еді. Өкінішке орай жаны пәк, нәзік те, қамқорсыз қыздың маңдайына ұзақ ғұмыр жазбаған екен. Опера 4 бөлімнен тұрады, атап айтсақ: бірінші екеуіне қиялдағы бақыт үстемдік етсе, қалғаны – осы бір тәтті қиялға ойран салады.

Ресейдің халық суретшісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Вячеслав Окуневөзінің тамаша декорациялары мен костюмдері арқылы Париждің жырға толы әсем де, тар келетін көшелерінің атмосферасын жеткізеді.

по материалам: mk.gov.kz