Мәдениет және спорт министрлігінде тілдерді дамыту мен қолдану мәселелері талқыланды

02.04.2015 17:57 1612

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2015 жылдың 31 наурыз күні Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы 2014 жылғы орындалу барысы туралы жиналыс болып өтті.

Шараға ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының жетекшісі А. Әбдіқалықов, «Мемлекеттік тілді дамыту қорының» директоры А. Шауеев, Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Қ. Әбіл және мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы мемлекеттік тілге жауапты басқарма басшылары қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары С.Сәлемов Бағдарламаның 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 2014 жылы  мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы жалпы жүзеге асырылу деңгейі, оқыту курстарын ұйымдастыру, ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы тест тапсыруды жүзеге асыру тетіктері туралы баяндама жасады. 

Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы С. Бәйменше мемлекеттік қызметшілер мен елшілердің ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша үздіксіз тест тапсырып, тіл саясатын насихаттауда түрлі шаралар ұйымдастырып жатқандығынан хабар берді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Т.Тойшыбек ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өтетін Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның 2014 жылы 30 желтоқсандағы хаттамасына орай Ауылшаруашылығы министрінің бұйрығымен алқа мәжілістерінің, ішкі құжатайналымы мен қаржы, экономика салаларына қатысты бағдарламалардың мемлекеттік тілде жүргізіліп жатқандығын айтып өтті.

Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің басқарма басшысы Б. Әміржанова қазақ балабақшалары мен мектептеріне баратын оқушылардың қатары көбейіп, білім саласындағы өң өзгерістер туралы ойымен бөліссе, Инвестициялар және даму министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің үлесі туралы ақпарат берді.

Ұлттық компаниялардың өкілдерінен «ҚазТрансойл» акционерлік қоғамы  Қазақ тілін дамыту жөніндегі бас менеджері А.Ысымұлы қазақ тілінің болашағын насихаттауды тек жұмыс орнында ғана емес, отбасы қүндылығы ретінде қоғам қызметкерлерінің  балаларының арасында тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан шарасымен бөлісті. 

Шараның қорытындысы туралы ұсыныстар мен пікірлер жинақталып,   ҚР Президентінің Әкімшілігіне жолданатын болады.

по материалам: www.mk.gov.kz