Алматыда киіз үй мерекесі өтті

07.04.2015 00:00 1362

Алматыда қазақ халқының дәстүрлі тұрғын үйі – киіз үйге арналған мереке өтті. Алматы қолөнер палатасы, Орталық Азияда қолөнердің дамуын қолдайтын ұйымдардың «CACSA» ассоциациясы мен ЮНЕСКО Алматы бюросы ұйымдастыруымен өткен шара киіз үйдің ЮНЕСКО материалдық емес мұралардың тізіміне ілігуіне орайластырылды. 

Киізбен қапталған тасымалды үй түркі және моңғол көшпенділерінде кеңінен қолданылған. Киіз үй қазақ халқы үшін көшіп-қонуға ыңғайлы құрылым болып қана қоймай, отбасы мен қонақжайлылықтың символы болған.

Шара қонақтары киіз үйді құру мен әшекейлеуге қатысып, ыстық бауырсақтар мен балалық шақтың сүйікті ойыны – асық ойнап көре алды.

Еске салып кетсек, өткен жылдың қараша айында ЮНЕСКО Материалдық емес мәдени мұраларды сақтау комитеті адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне қазақ домбра күйлерін орындау өнері мен қазақ және қырғыз (түркі халықтарының) киіз үйлерін жасау шеберлігін енгізген болатын.

Фотосуреттер today.kz сайтынан алынды.