Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайып Эрдоган қазақстандықтарды Қазақ хандығының 550-жылдығымен құттықтады

17.04.2015 15:40 1468

 

16 сәуір, 2015. Астана. Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайып Эрдоган қазақстандықтарды Қазақ хандығының 550-жылдығымен құттықтады.

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен екіжақты кездесуден соң: «Үш жылға жуық уақыт өткен соң мен бабаларымыздың, аталарымыздың шыққан жеріне Түркияның Президенті ретінде келіп тұрмын. Мен бұған өте бақыттымын», - деді Р. Эрдоган.

Сонымен қатар Түркия Президенті биыл Қазақ хандығының 550-жылдығы тойланып жатқандықтан, оның сапары ерекше маңызға ие екендігін айтып өтті.

«Осыған орай дос-бауырларымыз Қазақстан халқын осы салтанатты мерейтоймен құттықтаймын», - деді Р. Эрдоган.

Сондай-ақ ол мемлекеттеріміздің арасындағы қарым-қатынастар 2009 жылы стратегиялық әріптестік деңгейіне жетіп, ал 2012 жылы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жағымды әсер еткен жоғары Стратегиялық ынтымақтастық кеңес бекітілгендігін айтты.

Ақпарат көзі: http://www.kazinform.kz