«Астана Опера» театрында «Astana Piano Passion-2014» байқауы лауреаттарының концерті өтті

27.04.2015 10:47 1529

 

 

Астанада үшінші халықаралық «Astana Piano Passion» жас пианистер конкурсының аясында 2014 жылғы конкурс жеңімпаздарының концерті өтті. Халықаралық музыка сахналарында өз өнерлерімен ерекшеленген жас дарын иелері «Астана Опера» театрының камералық залында көрермендердің көзайымына айналды.

2014 жылы аталмыш пианошылар сайысында кіші топта өнер көрсетіп, әділ қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасына лайық деп танылған Қазақстандық жас пианошы Санжарәлі Көпбаев фестиваль дәстүрі бойынша еліміздің киелі өнер ордасында әлемге әйгілі музыка тарландарының шығармаларын орындады. Доменико Скарлаттидің екі сонатасын, Ф. Мендельсонның «Рондо-каприччиозосын», А. Исакованың «Народная песня» поэтикалық миниатюрасын және  Ф. Шопеннің  Фантазия-экспромтын ерекше шабытпен орындады. Шығармалардың танымалдылығына қарамастан, Санжарәлінің орындауы ерекше ойнақы, өзіндік ерекшеліктерге толы болды. Ол жүрек түкпіріндегі нәзік сезім ноталарын дөп басып тауып, көңілді әуелете, қиял әлеміне жетелей жөнелді.

Румыниялан келген Александру-Кадмиель Ботак (жоғарғы топтың бірінші дәрежелі жүлдегері) көрермендерді өзінің әртісқойлығымен, шеберлігімен баурап алды. Ол Джорже Энескудың «Токкатасын», Моцарттың сонатасын, Шопеннің «Скерцосын», Дебюссидің «Ай сәулесін» және Листтің «Мефисто-вальсін» орындады. Сілтідей тынған зал өнердің құдіреттелігіне, әуеннің адам жанын баурап алар сиқырлығына куә болды. 

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы өз өнерімен жұртшылықты тәнті еткен Кадмиель Ботак бірқатар халықаралық конкурстардың лауреаты атанып үлгерді. Ол Францияда өткен «Annecy  Classic», Иркутск қаласында өткен «Звезды на Байкале» байқауларында шығармашылығын шыңдап, ел ықыласына бөленген болатын. Он екі жасар Санжарәлі Астанада өткен фестивальде бас жүлдені қанжығасына байлаған соң, көптеген әлемдік сахналарда өнер көрсетті. Жуырда ол Мәскеуде өткен «Crescendo» халықаралық фестивалінің лауреаты атанды. 

по материалам: mk.gov.kz