Ұлттық музейде «Мұражай және қоғамның тұрақты дамуы» республикалық конференциясы өтуде

14.05.2015 17:31 1456

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

14 мамыр, 2015. Астана. Қазақстан Ұлттық музейінде Халықаралық мұражайлар күніне орай «Мұражай және қоғамның тұрақты дамуы» республикалық конференциясы жұмысын бастады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Халықаралық Мұражайлар Одағы ИКОМ ұйымдастырған конференция жұмысына республика мұражайларының 300-ге жуық басшылары мен қызметкерлері қатысуда.

Конференцияның басты мақсаттарына  адамзат дамуының жаңа қағидаттарын талқылау,  «Мәңгілік ел» ұлттық идеяға қолдау көрсету, жалпықазақстандық мәдениетті таныту жоспары, музейлердің Қазақ Хандығының 550-жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70-жылдығын тойлауы жатады.

Ұйымдастырушылар айтып кеткендей, заман өзгерістері музейлерден адамзат мұраларының сақталуына деген жаңаша көзқарас пен жаңа әдістерді талап етеді. Қағидаттар маңыздыларының бірі қоршаған ортаға деген қамқорлық болып табылады. Бұл тақырып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастау салған Астанадағы жаһандық жоба «ЭКСПО 2017 – болашақ энергиясы» Бүкіләлемдік көрмесімен үндес. Қазақстан табиғи байлықтардың ірі қорларының бар болуына қарамастан, қуат көзін жаңғыртуды қолға алуда. Бұл мақсат «Қазақстан – 2050» стратегиясында да қамтылған.

«Көрме, экспозицияларды ұйымдастыру арқылы мұражайлар қоғамның адамзат дамуының жаңа қағидаларына өтуіне септігін тигізе алады. Табиғатты қорғау «Мәңгілік ел» принциптерінің біріне айналуы қажет. Музейлердің алдына елдің «жасыл экономикаға» көшуіне үлес қосатын өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру, адамдарды жаңа технологиялармен шұғылдануға шақыру, болашақ энергиясын дамытуда қалыптасқан тәжірибені көрсету секілді міндеттер қойылады. Бұл конференция мұражайды осы бағытта жұмыс жасауға шақырады», – деді Халықаралық Мұражайлар Одағы ИКОМ Қазақстан Ұлттық Комитетінің президенті Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева.

Сонымен қатар кездесу барысында жыл қорытындылары талқыланып, Президент тапсырмаларына сәйкес жаңа мақсаттар мен міндеттер қойылатын болады.

Халықаралық Мұражайлар Одағы ИКОМ бастамасымен 1977 жылдан бері Халықаралық мұражайлар күні 18 мамырда тойланып, бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде қоғам дамуының өзекті мәселелерін қозғайтын конференциялар өткізіледі.

Халықаралық Мұражайлар Одағымен бірлесе отырып, ИКОМ Қазақстан ел музейлерінің дамуымен айналысады. ИКОМ Қазақстан бұндай кездесулер мен мұражай қызметкерлерінің шетелде тағылымдамадан өтуін үнемі ұйымдастырып отырады. Комитет ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен тығыз байланыс орнатты. «ИКОМ Қазақстан. Қазақстан мұражайларының мұралары»  және «Астана мәдени мұрасы» атты екі ғылыми-танымдық журналдарын басып шығарады. «Астана мәдени мұрасы» журналы Халықаралық Мұражайлар Одағының бастамасымен ИКОМ әлемдік журналдарының тізіліміне ілікті.

Алқа отырысынан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мұражай ісінің үздік өкілдерін мадақтамалар мен «Мәдениет саласының үздігі» медальдарымен, «Жыл мұражайы» дипломдары және ИКОМ Қазақстан төс белгілерімен марапаттады.

по материалам: www.mk.gov.kz