«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жеңімпаздар туралы арнайы шығарған жинақтың ең алғашқы басылымын Ұлттық Музейге сыйға тарту етті

18.05.2015 00:00 1453

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма Төрағасы Нұржан Мұхамеджанова жеңімпаздар туралы арнайы шығарылған жинақтың алғашқы басылымын Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне сыйға тарту етті.

«Жеңіс күнін жақындатуға жанын аямаған ардагер-жауынгерлерге арналған еңбегімізді отандастарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдік. Күні кеше ғана басылып шыққан жинақты Қазақстан Республикасының Ұлттық Музейіне ел тарихынан сыр шертетін құнды жәдігер ретінде сыйға тартамыз. Ұлттық арнаның алтын қорынан алынған бұл жинақтардың ішінде Бауыржан Момышұлы, Роза Бағланова, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов тәрізді даңқты батырларымыздың дауыстары сақталған. Жинаққа майдангерлердің соғыс жылдары жазған хаттары да енгізілді. Бұл еңбек Музей төрінен өзіне лайықты орнын алады деген сенімдеміз. Музей қызметкерлері мен музейге келушілер үшін бұл таптырмас тарихи жәдігер боларына күмәніміз жоқ", — деді жинақты Музей директоры Дархан Мыңбайға тапсыру рәсімі кезінде.

«Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы Жеңістің 70-жылдығына орай 2 ақпан мен 9 мамыр аралығында телекөрермендер назарына тарихи-танымдық деректі фильмдер топтамасын ұсынды. Барлығы 7 толық және 70 қысқаметражды фильм дайындалды. 

Мәдени-тарихи құндылықтарды сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында «Елдің ерлігі", «Майданнан жазылған хат», «Жеңімпаздардың асқақ дауысы», «Ұлы жеңіске — 70 жыл» атты 4 жеке кітап-дисктен тұратын «Жеңіске тағзым» атты жинақ шығару туралы шешім қабылданды.

по материалам: www.mk.gov.kz