100 қадам: Мәдениет саласындағы мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс сапасын арттыру – заман талабы

25.05.2015 15:05 1815

 

2015 жылғы 22-мамырда ҚР Ұлттық мұрағатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ұйымдастырған мемлекеттік мұрағат қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарынан өту туралы сертификаттарды салтанатты тапсыру рәсімі өтті.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл уақыт талабына сай өз жұмысын жетілдіру мәселесін бірінші кезекке қойған аудандық деңгейдегі мұрағат ісі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған алғашқы шара.

Сертификаттарды тапсырған Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты бас директорының орынбасары Арлен Төлеш: «Бұл шара мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар көрсетілген Елбасының «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға арналып отыр. Біз аудандық деңгейден бүкіл республиканы қамтымақпыз» деп атап өтті.

Ол сондай-ақ, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе республиканың құжат қызметтері мен мұрағат ұйымдарының қызметкерлері үшін аудиовизуалдық құжаттама мен ғылыми-техникалық құжаттаманы сақтау мәселелері бойынша біліктілікті арттыру курстарын өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Тыңдаушыларға еліміздің құжаттамалық мұрасын сақтау, пайдалану және дәріптеуді қамтамасыз етудің көкейкесті мәселелері бойынша шығармашылық және тәжірибелік сабақтарды қамтитын бағдарламалар ұсынылған. Курстарды республикамыздың жетекші мұрағатшылары мен құжаттанушылары, жоғары білікті мамандар, нормативтік актілердің, құжат жүргізу мен мұрағат ісі бойынша оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторлары жүргізді.

Алғашқы кезеңде Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағаттардың басшылары мен қызметкерлері курстан өтті. Семинар барысында мұрағаттық сақтауға құжаттарды іріктеу мен құндылықты сараптау, құжаттарға тиімді ғылыми-анықтамалық аппаратты қолдану, әзірлеу әдістемесі мен мұрағаттық құжаттарды есепке алудың ерекшеліктері, мұрағаттық құжаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етудің заманауи проблемалары, құқықтық база мен мұрағаттарда құжаттарды қолданудың нысаны, сондай-ақ мұрағат қызметін ақпараттандыру мен автоматтандырылған технологияларды пайдалану мәселелері қарастырылды.

Курс тыңдаушылары Ұлттық мұрағаттың, орталық мемлекеттік мұрағат, археография және деректану ұлттық орталығының электрондық қорларымен танысты. Қатысушылар дәрістерге үлкен қызығушылық танытып, жұмыс барысында туындайтын мәселелер бойынша сұрақтар қойды.

«Қазіргі таңда республикамыздың мемлекеттік мұрағаттарында 3000 жуық адам еңбектенсе, олардың 2,5 пайызының ғана профильдік білімі бар. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты негізінде мұрағат саласының қызметкерлері үшін мамандандырылған біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырды. Министрлік Бүкілресейлік құжаттану және мұрағат ісі ғылыми-зерттеу институты, Беларусь құжаттану және мұрағат ісі ғылыми-зерттеу институтымен, шетелдік әріптестермен жетекші лекторларды тарту, бірлесе курс өткізу жөнінде уағдаластыққа келді" - деп атап өтті мұрағат ісі және құжаттама департаментінің директоры Әлия Мұстафина.

Табирова Акбота Мусратуллаевна, Сайрам аудандық мұрағатының директоры:

 «Профильді министрліктің біздің мәселемізге бей-жай қарамайтыны қуантты. Жаңа білім нәрін беретін дәрістерден басқа біз үшін күнделікті мұрағат жұмысында кездесетін көкейкесті мәселелерді талқылаған практикалық сабақтар да өте құнды болды. Бұл аудандық мұрағаттардың директорлары үшін жақсы тәжірибе болды. Керекті іс. Өз біліктілік деңгейімізді көтеріп, бұл жаңалықтарды өз жұмысымызға енгізуге, өз қызметкерлерімізді оқытуға дайынбыз».

Исакқызы Салтанат, Сарыағаш аудандық мұрағатының директоры:

«Мұрағат қызмекерлеріне ұйымдастырылған оқу семинарымыз өте сәтті өтті. Біз көп әдістемелік нұсқалықтарды көзімізбен көріп, бірге талқылап, көп жұмыс және қызмет барысында қандай заңдарды, қандай нормативтік құқықтық актілер пайдалану керек екенін,барлығын үйрендік. Осы семинарға үлкен жауапкершілікпен қарап, ризашылықтарын білдіріп жатыр, өйткені бұл алғаш ұйымдастырылған семинар». 

по материалам: mks.gov.kz