Елбасы марапаттарының көрмесі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде ашылады

04.06.2015 11:26 1650

 

2015 жылы 8 маусымда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Мәртебесі биік марапаттар» атты Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасының қоғамдық марапаттарының көрмесі ашылады.

Алғаш рет қалың көрермен назарына Мемлекет басшысының 200-ден аса қоғамдық марапаттары ұсынылады. Олардың қатарында: «Бірінші халықаралық бейбітшілік сыйлығы», «Инвестициялық Періште» сыйлығы, «Жыл адамы» халықаралық сыйлығы және т. б.

Барлық наградалар мемлекетаралық ынтымақтастық пен ықпалдасу саласындағы марапаттар; мемлекеттік басқару және экономика саласындағы марапаттар; қауіпсіздік, саласындағы марапаттар; ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласындағы марапаттар; білім, ғылым және денсаулық сақтау саласындағы марапаттар; мәдениет саласындағы марапаттар; спорт және туризм саласындағы марапаттар тақырыптық бөлімдерге бөлінген.

Тату көршілік пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Қазақстанның халықаралық аренадағы қызметінің арқасында, Елбасымыз дүниежүзілік қоғамдастық алдында үлкен сый-құрметке бөленіп отыр. Бұның айғағы Қазақстан Республикасы Президентінің әлемнің көптеген мемлекеттердің жоғары мемлекеттік марапаттарымен қатар, халықаралық ұйымдар тарапынан әр кезеңдерде ұсынылған қоғамдық танылудың белгілері.

Қоғамдық марапаттар жиынтығы өзінің құрамы жағынан әртүрлі: ордендер, алқалар, куәліктер, дипломдар, мақтау қағаздары және сертификаттар. Мемлекет басшысының қоғамдық марапаттары — Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік кеңістікке танылуының нәтижесі.

Көрменің мақсаты — музей жәдігерлері арқылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жаңа қазақстандық мемлекеттілік пен ашық қоғамды қалыптастырудағы рөлін, қоғамдық өмірдің көптеген саласына қосқан үлесін көрсету.

«Мәртебесі биік марапаттар» көрмесі 2015 жылдың 17 тамызына дейін жалғасады.

по материалам: mks.gov.kz