Балалар жазушылары арасындағы Халықаралық «Дарабоз» сыйлығы лауреаттарының есімдері белгілі болды

05.06.2015 11:23 1707

 
 Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында өткен сыйлықты табыстау салтанатында балалар жазушылары арасында Халықаралық «Дарабоз» сыйлығы лауреаттарының есімдері белгілі болды. Сыйлықты табыстау салтанатты кешіне ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы,ZHERSU Бақылау кеңесінің төрағасы, меценат және «Бауыржан» қайырымдылық қорының басшысы Б. Оспанов, белгілі жазушылар мен мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәліметі бойынша елімізде 1 335 мемлекеттік және жеке баспалар тіркелген. Дегенмен, солардың арасында балалар әдебиетін шығарумен айналысатын баспалардың жоқтың қасы. Соңғы 10 жыл ішінде басылып шыққан 8523 әдеби кітаптың 220 ғана қазақ тілді балаларға арналған кітаптар болып табылады.

Шара қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде ҚР Үкімет басшысының орынбасары Б. Сапарбаев: «Қазақ баласының кітап оқымай, тарих, ата дәстүр, әдеби шығармалармен сусындамай өскені елдігімізге сын. Бүгінгі бала — ертеңгі болашақ. Ол рухани азық жинап өсуі керек», — деп айтқан болатын.

Қазақ балалар әдебиетін дамыту мақсатымен «Бауыржан» қайырымдылық қоры мен Қазақстан жазушылар одағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «ZHERSU» инвестициялық өндірістік корпорациясының қолдауымен оныншы жыл қатарынан балалар жазушылары арасында Халықаралық «Дарабоз» конкурсын өткізіп келеді. Шараның басты мақсаттары балалар қазақ әдебиетін дәріптеу мен дамыту болып табылады.

Биылғы жылы балалар әдебиетіне арналған Х-мерейтойлық бәйге 20-сәуірден бастау алды. Әр қатысушы 20-мамырға дейін «Дарабоз» сайтындағы өтініш хатын толтыру арқылы «Балаларға арналған үздік шығарма» сыйлығының үміткері болуға мүмкіндік алды. Конкурсқа мемлекеттік және орыс тілінде барлығы 500 ге жуық шығарма қатысты. Қазылар алқасы дауыс беру мен баға қою арқылы бұл шығармалардың ішінен үздіктерін таңдап алды.

Бірінші дәрежелі лауреаттар ретінде «Сиқырлы кітап» шығармасының авторы Қайырбек Шығыр Семейғазыұлы мен «Историииздетства» шығармасы үшін Жұмагелдинова Дария атанса, байқаудың екінші орнына қазақ тіліндегі «Саяқ" туындысымен Мейіржан Жылқыбай және «Сказка о поющем бархане» орыс тіліндегі шығармасы үшін Клепикова Елена ілікті. Әділбек Ыбырайымұлы («Мәңгілік формуласы») және Назарбаева Гүлсім («Маленький Мужчина») — 3-ші орын иегерлері.

«Дарабоз» сыйлығының биылғы мерейтойлық салтанаты жаңа «Балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы жүлденің бекітілуімен ерекшеленеді. Аталмыш сыйлық қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы, әйгілі ақын және балалар жазушысы, тілмаш, Қазақстан Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевке тапсырылды.

«Балаларға арналған үздік шығарма» номинациясындағы байқаудың гран-при жүлдесінің иегері «Есен-сау жүріңізші асыл ата!» еңбегінің авторы Пернебай Дүйсенбин атанды. «Бауыржан» қайырымдылық қорының басшысы Бауыржан Оспанов гран-при жүлдесінің иегеріне 1 000 000 теңге көлеміндегі сыйақы табыстады.

Байқау жеңімпаздары диплом және сыйлықақлар мен марапатталса, «Балаларға арналған үздік шығарма» номинациясындағы байқаудың гран-при жүлдесінің иегеріне 1 000 000 теңге көлеміндегі сыйақы табысталды. Сонымен қатар ақшалай сыйлықтан бөлек, үздік шығарма авторлары еліміздің алдыңғы қатарлы баспаларымен келісім шартқа отыруға мүмкіндігіне ие болды. Мерейтойлық байқау нәтижесі бойынша төрт кітап пен үздік шығармалар топталған бір жинақ басылып шықпақ.

Марапаттау рәсімі эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылған гала-концертпен аяқталды.

по материалам: mks.gov.kz