Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерлерін мемлекеттік тіл біліміне тексеріп жатыр

06.06.2015 09:25 1401

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

6 маусым, 2015. Астана. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі барлық құрылымдық бөлімшелері мен ведомствалық бағынысты мекемелерінің қызметкерлерін мемлекеттік тіл біліміне тестілеуге кірісті. А. Мұхамедиұлы бастаған ведомства басшылығы тестілеуді алғашқылардың бірі болып тапсырды.

Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Қазтест» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді білу сертификатын алған мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлердің үлесі жөніндегі (2017 жылға қарай – 50%, 2020 жылға қарай – 100%) нәтижелі көрсеткіштері көзделген.

Мембағдарламаны орындау және аталған көрсеткішке қол жеткізу мақсатында Министрліктің барлық құрылымдарындағы мемлекеттік қызметшілері және ведомстволық бағынысты ұйымдар мен мекемелердегі қызметкерлерді «Қазтест» жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуден өткізу мамыр-қазан айына жоспарланып, кестеге сәйкес бекітілді.

Кестеге сәйкес, диагностикалық тестілеуді Министрліктің 219 мемлекеттік қызметшісі мен ведомстволық бағынысты мекемелерден 8 мыңнан аса қызметкерлер тапсыратын болады.

Бүгінгі таңда ведомстваның орталық аппаратының120-ға жуық мемлекеттік қызметшілері тестілеуден өтті. Тест қорытындылары бойынша олар мемлекеттік тілді меңгерудің ортадан жоғары деңгейін көрсетіп отыр.

Ведомствада хабарлағандай, бастама қазақ тілінің мәртебесін көтеру мен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен қатар тестілеу қызметкерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтап, осы бағытта Министрлік ішінде жүргізуге қажетті жұмыс бағыттарын анықтауға көмектеседі.

Еске салып кетсек, 2006 жылдан бастап Қазақстанда іс жүргізу қазақ тіліне аударылған. Бұл барлық құжаттар басынан мемлекеттік тілде шығарылып, қажет болған жағдайда ресми және өзге де тілдерге аударылады.

по материалам: mks.gov.kz