«Ұлттық музейге сый» акциясы Алматыда жалғасын табады

09.06.2015 09:59 1574

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2015 жылғы 13 маусымда Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы өтеді.   

Шараға Ілияс Жансүгіров, Тахауи Ахтанов, Қаныш Сәтбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Әлкей Марғұлан, Серке Қожамқұлов, Әзілхан Нұршайықов, Еркеғали Рахмадиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Кәукен Кенжетаев т.б сынды ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары мен туған-туыстары қатысып, олардың көзі тірісінде қолданған құнды жәдігерлерін Ұлттық музейге табыстайды. Сондай-ақ, елімізге белгілі суретші, мүсіншілер де өз туындыларын музейге тарту етпек.

Акция биылғы жылғы 18 наурызда Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтанатты түрде бастау алған болатын. Шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин, «Қадыр Мырзалиев» қорының төрағасы Донеділ Қажымов, Олимпиада чемпиондары – Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Юрий Мельниченко сынды елге белгілі азаматтар, коллекционерлер, танымал тұлғалардың ұрпақтары, спортшылар, жеке адамдар қатысқан еді.

       Шара мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару. Ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлтымыздың ірі тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтауға және көпшілік назарына ұсыну үшін Ұлттық музейге тапсыруға үндеу.

      Еске салып кетсек, «Ұлттық музейге сый тарту» акциясына қатысушы өзінің коллекциясындағы құнды жәдігерді, ел тарихына қатысты елеулі мұраны немесе елге белгілі тұлғаның қолданған заттарын музейге сақтауға табыстайды. Барлық сый-тартуларға (жәдігерлерге) заңдық негізде қабылдап алу шарты жасалып, олар музейдің қорына өткізілетін болады. Сый-тартулар негізінде Ұлттық музейде арнайы көрме ұйымдастырылады.

Акция жыл соңына дейін жалғасып, еліміздің барлық аймағын қамтитын болады.

по материалам: mks.gov.kz