Астанада әйгілі композитор Н. Тілендиевтің 90-жылдығын атап өтті

08.07.2015 11:46 1508

 

 

Қазақтың біртума композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы, КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына орай Астанада кеші өтті.

Қазақ музыка мәдениетінде өшпес із қалдырған ерекше дарын иесіне көзі тірісінде-ақ "қазақ сазының сайыпқыраны" деген атақ берілген еді. Композитордың артында қалған мұрасы өлшеусіз. 400 жуық ән мен романстың авторы, 50 астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазды. Нұрғиса Тілендиев музыкасы М. Әуезовтің, Ш. Аймановтың, Ә. Тәжібаевтың пьесаларына көрік берді. «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» фильмдеріндегі тебіренткен сазды әуендердің де авторы - Нұрғиса Тілендиев.

Ол құрған «Отырар сазы» академиялық оркестрі еліміздің маңдайалды өнер ұжымы. Бүгінде ол ұжымға сазгердің қызы - Дінзұхра Тілендиева жетекшілік етеді. Кеште композитордың көптеген, халық сағынған музыкасы ойналды. Композитордың әндерін Роза Рымбаева, Майгүл Қазтұрғанова, Нұрғали Нүсіпжановтар және «МузАрт» тобы орындады.

по материалам: mks.gov.kz