«Славян базары-2015» фестиваліне Қазақстан атынан әнші Димаш Құдайберген қатысады

09.07.2015 12:41 1561

 

9 шілде, 2015. Астана. Бүгін Беларусьте «Витебскіде Славян базары» халықаралық өнер фестивалі ашылады. Оған Әзербайжан, Армения, Болгария, Италия, Куба, Мексика, Польша, Ресей және басқа да елдерден 21 жас орындаушы қатысады. Қазақстан атынан Димаш Құдайберген шығады.

Фестиваль 9-13 шілдеде өтеді. Қағидаға сәйкес олардың 15-і финалға шығып, 20 мың долларлық Гран-приге таласады.

Фестиваль аясында сондай-ақ «Витебск-2015» XIII халықаралық балалар музыкалық байқауы өтеді. Онда әр елден 20 қатысушы сынға түседі. Қазақстан атынан 10 жастағы Луиза Нұрқуатова өнер көрсетеді.

Ересектер байқауының әділқазылар тобын РФ-дағы Әзербайжанның Төтенше және Өкілетті Елшісі, әнші Полад Бюльбюль-оглы басқарады. Балалар байқауына Ресей халық әртісі Дмитрий Маликов төрағалық етеді.

Гала-концерттің құрметті қонақтары ресейлік эстрада жұлдыздары мен шетелден келген әншілер болмақ. Атап айтқанда, «Еуровидение» жеңімпазы норвегиялық Александр Рыбак, британдық әнші Софи Эллис-Бекстор, немістің  Dschinghis Khan тобы, итальяндық Ricchi E Poveri тобы қатысады.

по материалам: mks.gov.kz