Қазақстандықтардың «Славянский базар» Халықаралық музыкалық байқауындағы салтанаты

15.07.2015 14:44 1399

 

 

Витебсктегі (Белоруссия) «Славянский базар» Халықаралық музыкалық байқауының Гран-прижүлделерін қазақстандықтар жеңіп алды. Димаш Құдайберген ересектер арасында ең жоғары дәрежеге қол жеткізсе, ақтаулық Луиза Нұрқуатова фестиваль балалар байқауының жеңімпазы атанды.

«Славянский базар» байқауының әділқазылар алқасы Димаш Құдайбергеннің өнерін жоғары бағалады. Витебсктегі өнер көрсетулерінің қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі 175 балл жинады.

Байқаудың бірінші күні Димаш Константин Меладзенің танымал «Опять метель» әнін орындап, 90 баллдың 89-н иеленді.

Екінші күнге дарынды қазақстандық «Sos dun terien un detresse» шығармасын дайындады. Француз әнін тамаша орындап болған соң ол халықаралық байқау сахнасында Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан ететіндігін сөз етті.

Жалпы байқауға Әзірбайжан, Армения, Болгария, Италия, Куба, Мексика, Ресей, Литва және басқа мемлекеттердің өкілдері қатысты. Бірінші дәрежелі жүлде Белоруссия өкілі Валерия Грибусоваға бұйырса, болгарлық Николай Манолов екінші орынды иеленді. Украинадан келген Анна Твердоступ (Анитт) және грузиялық Софи үшінші жүлдені бөлісті.

10 жасар қазақстандық Луиза Нұрқуатова «Витебск-2015» Балалар музыкалық байқауының Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Балалар байқауына 17 мемлекеттен келген 20 орындаушы қатысты.

 

по материалам:  mks.gov.kz