Қазақ ұлттық өнер университетінде ICTM 43-ші халықаралық дәстүрлі музыка конференциясы жұмысын бастады

16.07.2015 14:45 1306

 

16 шілде, 2015. Астана. Бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінде ICTM 43-ші халықаралық дәстүрлі музыка конференциясы жұмысын бастады. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып әлемнің мәдениет және өнер саласындағы ең ірі жиынды қарсы алуда.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың шара қатысушылары мен қонақтарына арналған құттықтау сөзді Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев оқыды.

«Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан бүгінгі конференцияға қатысушылардың барлығына қош келдіңіздер деймін. ICTM басшылығына 43-ші Халықаралық дәстүрлі музыка конференциясын өткізу орнына Қазақстанды, оның ішінде Астана қаласын таңдап алғандарына алғысымызды білдіреміз. Менің ойымша, бұл кездейсоқтық емес. Соңғы уақыттарда біздің атақты музыканттарымыз Қазақстанды және қазақ халқын дүние жүзіне танытып жүр. Олар әлемдегі ең беделді мәдени мекемелерде өнер көрсетуде. Музыка адамға күш-қуат, көңіл-күй, денсаулық сыйлайды және ең бастысы, ол бейбітшілік жаршысы бола алады. Музыка адамдарды ұлт пен ұлысқа, мемлекетке бөлмейді, керісінше бір-біріне жақындата түседі», - деп атап өтті Б. Сапарбаев.

Еске салып кетсек, ICTM 43-ші халықаралық дәстүрлі музыка конференциясы ү.ж. 22 шілдесіне дейін өтетін болады. Шараға 70 шақты елден келген 800-ге жуық музыка өнерінің сарапшылары мен мамандары қатысып жатыр. Бүкіләлемдік форум шеңберінде түрлі тақырыптағы пұлттық дәстүрлі мәдениет пен өнер саласын зертетуге бағытталған пленарлық отырыстар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өтетін болады.

по материалам: mks.gov.kz