Ақсарайдағы кездесу он сегіз мемлекеттен келген суретшілердің басын қосты

03.08.2015 09:52 1558

 

Түркияның Ақсарай қаласындағы «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы суретшілерінің 18-ші Пленэрі он сегіз мемлекеттен келген суретшілердің басын қосты.

Adese Park Site AVM ойын-сауық орталығында өткен пленэрге қатысушылардың жұмыстары шығарылған көрменің ашылуында қала мэрі Халюк Шахин Язгы бұндай шараның Ақсарай үшін жоғары маңыздылығы туралы айтты. Оның пікірінше, бұл жерде жасалған жұмыстарды ТҮРКСОЙ бүкіл әлемге көрсетеді, ал бұл өз кезегінде Ақсарай мәдени мұралары мен ескерткіштерін бүкіл әлемге паш етуге септігін тигізеді.

ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов өз кезегінде Ақсарай әкімшілігіне қонақжайлылығы мен шараны ұйымдастыруда көрсеткен көмегі үшін зор алғысын білдірді.

«ТҮРКСОЙ суретшілерінің кездесуі 18 жыл бойы ТҮРКСОЙ шаралары күнтізбесінде маңызды орын алады. Бұл кездесулердің шығармашылық атмосферасы көркемдік алмасу мен мәдениеттердің өзара баюына ықпалын тигізеді. Бірлескен жұмыс кезінде пайда болған туындылар ТҮРКСОЙ қорында сақталады. Ол бүкіл әлемде көрмеге шығарылып, көптеген адамдарды түркі мәдениетімен таныстырады», - деді ТҮРКСОЙ бас хатшысы.

«ТҮРКСОЙ 18 жыл бойы түркі елдері суретшілерінің басын қосып келеді. Түркі халықтарының арасындағы мәдениетті күшейту бағытындағы бұл жұмыс шынымен де құрметтеуге тұрарлық, өйткені бүгінгі таңда шығармашылық адамдарының барлығы, композитор, әртіс немесе суретшілер, өзімен-өзі жұмыс істеп келеді. Ал бұндай шаралардың нәтижесінде мыңнан астам суреттер дүниеге келіп, олардың үздіктері әлемнің түкпір-түкпірінде көрсетіледі. Бұл керемет», - деп ойымен бөлісті қазақстандық суретші Абдулхан Тілеужанов.

Екі апта бойы түркі елдерінің суретшілері көрмеге шығарылған жүзден астам туынды жасап шығарды. Көрме қала тұрғындары мен БАҚ өкілдерінің қызығушылығына бөленді.

Жиырма бір суретші үшін Ақсарайдағы тәжірибе ортағасырлық тарихи ескерткіштермен танысуға мүмкіндік берді. Олардың арасында: селжұқ Үлкен мешіті мен мұнарасы, Зинджирийе медресесі, Ағзықарахан кереуен-сарайы, табиғи қорық аумақтары – Ихлара даласы, Гюзельюрт және Нарлыгёль көлі бар.

ТҮРКСОЙ суретшілерінің 18-ші пленэріне Мушвик Әлиев (Әзірбайжан), Абдулхан Тілеужанов (ҚазаҚстан), Бектен Усубалиев (Қырғызстан), Бегенех Беркелиев және Ходжа Мухаммед Чуриев (Түркменістан), Рахме Манастырлы (Солтүстік Кипр), Аржан Иутеев (Алтай, Ресей), Ралиф Ахметшин (Башқұртстан, Ресей), Вячеслав Кученов (Хакасия, Ресей), Петр Новаков (Гагаузия, Молдова), Сардана Даваесенге (Саха-Якутия, Ресей), Григорий Эйдинов (Татарстан, Ресей), Светлана Сидорова (Чувашия, Ресей), Орхан Исмаил (Болгария), Эмель Махмут (Македония), Мерима Ивкович (Босния), Этхем Баймак (Косово), Габриэле Шаффарцик (Германия), Мустафа Диглер, Хюсню Качмаз және Мустафа Джеват Аталай (Түркия).

по материалам: mks.gov.kz