Астанада өтетін көрмеге Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі Вячеслав Михайловтың 20-дан аса жұмысы қойылады

01.09.2015 10:52 1493

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2015 жылғы 2 қыркүйекте «Әлемдік мәдениет және заманауи кескіндеме» жобасы аясында Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі Вячеслав Михайловтың мерейтойлық ретроспективалық көрмесі ашылады.

Экспозицияға 70 жасқа толып отырған қылқалам шеберінің әр жылдары және әртүрлі техникамен жасаған 90-ға жуық кескіндемелік және графикалық туындылары қойылады.

Вячеслав Михайлов — Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі, Ресей Суретшілер одағының мүшесі, Италия суретшілерінің ұлттық «ITALART» ассоциациясының мүшесі.

Өнер сыншыларының пікірінше, қазіргі таңда Вячеслав Михайлов шығармашылықтың шырқау шыңына шыққан петербургтық аға буын суретшілерінің танымал әрі жарқын өкілдерінің бірі болып табылады.

Көрме экспозицияларына енген жұмыстар бір жағынан академизмнің артықшылықтарын көрсетсе, екінші жағынан оргалит, левкас және құм негізіндегі жазудың бірегей техникасын көрсетеді.

В.Михайлов өткен дәуірлердегі классикалық шығармалардың сарындарын өздігінше түсінеді және өзгеше саралайды. Суретші Қайта өркендеу мен Барокко дәуірлеріндегі жауһарларға ерекше басымдық берген.

Көрмеге «Жасырын кешкі ас», «Караваджио бойынша Фоманың сенбеуі", «Қабыл мен Әбіл», «Қасиетті Георгий» сынды танымал сюжеттердің реминисценциялары (еске түсіру арқылы елестету) қойылады.

Сонымен қатар, экспозициядан суретшінің «Флоренция сарындары» атты топтамасын тамашалауға болады. Онда ол осы қалаға деген сүйіспеншілігін білдіреді. Бұл жерде Леонардо да Винчи, Микеланджело, Петрарка және тағы басқа ұлы суретшілер мен ақындар өмір сүріп, туындыларын жасаған. Бұл туралы В. Михайлов: «Осы топтамадағы менің барлық суреттерімде сұлулықтың символы ретінде жұмсақ қызыл түс кездеседі", — дейді.

В.Михайлов графикалық жұмыстарында суреттің рухани және интеллектік мазмұнын сақтай отырып туындыларына әдеби-символикалық атаулар беру арқылы өзінің хас шебер екенін дәлелдейді.

Вячеслав Михайлов үшін графика — оның күнделігі, шығармашылық зертханасы және өз әлемінің антологиясы.

Экспозицияға В. Михайловтың «Келбеттер» топтамасынан 20 графикалық туынды қойылады, олардың арасында Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың, Ресей Президенті В. Путиннің, режиссёр Валерий Приемыховтың, жазушы Андрей Платоновтың, суретші Анатолий Белкиннің және тағы басқа танымал тұлғалардың кескіндері бар.

В. Михайлов 200-ден астам көрмеге қатысқан. Олардың 61-ін автордың Ресейде және шетелдерде өткізген жеке көрмелері құраған.

Суретшінің жұмыстары Мемлекеттік Третьяков Галереясы, Мемлекеттік Орыс музейі сынды жетекші музейлерден сонымен қатар Украина, АҚШ, Қытай, Финляндия, Эстония музейлері мен көптеген жеке жинақтардан орын тапқан.

Көрме 1 қазанға дейін жалғасады.

по материалам: mks.gov.kz