Ұйымдастырушылар Орткомда Қазақ хандығының 550-жылдығына орай өтетін салтанатты шаралар туралы баяндап берді

03.09.2015 09:34 1528

 

 

3 қыркүйек, 2015. Астана. Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақ хандығының 550-жылдығын атап өтуге орай Елордада өтетін көлемді мерекелік шаралар туралы айтылды. Қыркүйектің 11 мен 13 аралығында қаланың басты алаңдарында этноауылдар құрылып, мерекелік концерттер өтсе, Назарбаев университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Мерекелеудің басты шарасы — театрландырылған қойылым — «Барыс» жаңа мұз кешенінде өтеді.

Қазақ хандығының 550-жылдық мерейтойын атап өтудің негізгі шаралары екі кезеңде ұйымдастырылады. Олардың біріншісі Астана қаласында болса, екіншісіне Тараз қызу дайындық үстінде. Орткомда өткен баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры А. Райымқұлова, Астана қаласының мәдениет басқармасының басшысы Б. Мажағұлов, КСРО Халық әртісі, М. Әуезов атындағы театрының көркемдік жетекшісі, театр және кино әртісі А. Әшімов, «Астана опера» МОБТ директоры Т. Әлпиев, ҚР МСМ «Қазақ әуендері" АҚ басшысы А. Маемиров Еліміздің бас қаласында өтетін іс-шаралар туралы баяндады.

Ескертіп кету керек, Қазақ хандығының 550-жылдық мерейтойын атап өту Елбасы тапсырмасына сәйкес жоспарланған. Қойылған тапсырманы орындау, мерейтолық шараларға дайындық және оларды өткізу мақсатында төрағасы болып ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б. Сапарбаев тағайындалған Республикалық комиссия құрылды. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, мемлекет және қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлері, тарихшылар және т. б. мамандар енді.

Брифинг барысында мәдениет және өнер істері департаментінің директоры тойлаудың басты шарасы — «Барыс» мұз алаңында өтетін театрландырылған шоу туралы сөз етті.

«Бұл шараға Қазақстан Республикасының Президенті және Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесінің V мерейтойлық Саммитіне келетін шет елдердің басшылары қатысады деп күтілуде», — деп хабарлады А. Райымқұлова.

Спорттық шараларды өткізуге бейімделген жерде ұйымдастырылатын кең көлемді шара халықты тамсандыратын болады. Қойылымда дәстүрлер мен бүгінгі күн:дала билерінен болашақ технологияларына дейін біріктірілген. Сонымен қатар мәдениет және спорт министрлігінің өкілі жалпы шараны ұйымдастыруға 2,5 мыңнан астам адам қатысатындығын айтып кетті.

Мерейтойлық шаралардың тағы да бір жарқын да есте қаларлық шаралардың бірі - «Қазақ елі" ескерткішінің алдындағы алаңда еліміздің барлық аймақтары өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылатын этноауыл болып табылады. Бұл жерде 50 шақты киіз үй, екі үлкен сахна, түрлі ұлттық жарыстар өткізуге арналған спорт алаңдары, алтыбақан, тайқазандар және т. б. орнатылады. Астана қонақтары мен тұрғындары 11-13 қыркүйек аралығында таңертеңнен кешке дейін шығармашылық топтардың гала-концерттерін, халық әртістері мен эстрада жұлдыздарының өнерлерін тамашай алады.

Сонымен қатар бұл күні Тәуелсіздік сарайында Елбасы және өзге мемлекеттердің басшылары, халықаралық қауымдастық, отандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен салтанатты жиын, ал Назарбаев университетінде «Мәңгілік ел» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді. Конференцияға әлемнің 20 мемлекетінен келген шетелдік және отандық ғалымдар, халықаралық сарапшылар, бизнес қауымдастық өкілдері және т. б. 1000 астам қонақтар қатысады.

Негізгі іс-шаралардың екінші кезеңі 9 қазанда Тараз қаласында жалғасатын болады.

по материалам: mks.gov.kz