Күн Шығыс елінің мәдениеті Тұңғыш Президент музейінде экспозицияланады

14.09.2015 10:28 1636

 

14 қыркүйек, 2015. Астана. Ертең Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Музейінде «Жапония қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлары» көрмесінің  салтанатты ашылуы өткізіледі. Көрме Музейдің «Мәдениет арқылы үн қатысу» халықаралық жобасының аясында, Қазақстандағы Жапония елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылуда.

Ежелден Күн Шығыс елі деп аталған Жапония мәдениеті өзінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Жапония мәдениеті Шығыс әлемі мен Батыс әлемі мәдениеттерінің тоғысқан жері. Қазіргі уақытта жапон мәдениетінің белгілері – қуыршақтар, икебаналар, желпуіштер және кимонолар бүкіл әлем тарапынан үлкен қызығушылық тудыруда.

«Жапония қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлары» көрмесінде Сіздер жапондықтардың дәстүрлі қуыршақтары, ұлттық киімдері, кимоно, хаори және желпуіштердің көптеген түрлерімен таныса аласыздар.

Қуыршақтар (жапон тілінде – «нингё») – Жапонияның мерекелік дәстүрінің ажырамас бөлігі болып табылады. Жапония қуыршақтары өзінің қайталанбас жасалу үлгісімен және алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Бірнеше ғасыр бойы қуыршақтар жапондықтардың мерекелік іс-шараларында маңызды орын алды.

Сонымен қатар, жапон қуыршақтары – бұл тек өнер туындысы емес, сонымен бірге Күн Шығыс елінің бай мәдениетінің көрінісі болып табылады. Қуыршақтарға киілген киімдер мен желпуіштер жапон халқының салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптарымен таныстырады.

Желпуіш – бұл тек қана жапондықтардың дәстүрлі киімінің бір бөлігі ғана емес, сондай-ақ, қарапайым тұрмыста қолданылатын қажетті заттардың бірі. Хиоги – деп аталған алғашқы желпуіштерді тек ер адамдар ақпарат алмасу тәсілі ретінде қолданған. Біртіндеп ол сарай ханымдарының киімдерінің бір бөлігіне айналды. Хейан дәуірінде (8–12 ғғ.) қағаздың жаппай таралуынан кейін жазба кітапшасы ретінде қолданылған оуги жиналмалы желпуіші тек сәндік киімнің бөлшегіне айналды. Кейіннен кавахори желпуіші пайда болды. Оның ерекшелігі ағаш немесе бамбуктен жасалып, бір жағы қағазбен қапталатын болған.

Дәл осы желпуіштер кейін күннің ыстығынан қорғайтын, жиналмалы сенсу желпуішінің пайда болуына әсер етті. Камакура дәуірінде (12–14 ғғ.) сенсу – жапон желпуіштері Қытайда кеңінен таралды. Қытай жерінде желпуіш құрылымы өзгеріске ұшарып екі жағы бірдей қағазбен қапталатын болды. Муромати дәуірінде (14–16 ғғ.) желпуіштер бүкіл Жапония жеріне кеңінен таралды. 12 ғасырға дейін сенсу желпуішін ақсүйектер және дін өкілдері ғана қолданды. Тек 13 ғасырдан бастап желпуіштер қарапайым халық арасына кеңінен тарап, Ноо театрындағы актерлер өздерінің қойылымдарында қолдана бастады. Эдо дәуірінде (17 ғ.) желпуіш ең қажетті заттардың біріне айналды. 1960 жылдардан бастап желдеткіштердің жаппай қолданысқа енуіне байланысты желпуіштердің қажеттілігі күрт төмендеді. Қазіргі уақытта желпуіштер негізінен дәстүрлі мейрамдарда және мерекелік іс-шараларда ғана қолданылады.

«Жапония қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлары» көрмесінің жәдігерлері көрерменге жапон мәдениетінің тарихынан сыр шертіп, мерекелік дәстүрдің жалғастығын көрсетеді. Көрмеге келушілер жапон мәдениетіндегі қуыршақтардың алатын орнымен танысуға мүмкіндік алады.

Көрменің ашылу салтанатында жапондықтардың ұлттық киімі – кимоно дефилесі болады.

Көрмедегі барлық жәдігерлер Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісінің жұбайы Камохара ханымның жеке коллекциясынан ізгі ниетпен ұсынылған.

Сонымен қатар Астана тұрғындары мен қонақтары үшін, 16–25 қыркүйек аралығында (сенбі-дүйсенбіден басқа күндері) күн сайын сағат 14.30–15.30-ға дейін оригами жасаудың шеберлік сыныбы өтеді.

по материалам: mks.gov.kz