Өскеменде Қазақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестивалі қорытыланды

29.09.2015 10:10 1740

 

29 қыркүйек, 2015. Астана. Өткен жұма Өскемен қаласының театр сүйер қауымы үшін жарқын оқиға өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, Қазақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестивалін өткізді.

Аталған фестивальге қатысушы 8 мемлекеттік театр (Шығыс Қазақстан облысы Абай атындағы театры мен Ф.Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театры (Семей қаласы), Шығыс Қазақстан облыстық драма театры (Өскемен қаласы), С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры (Қарағанды қаласы), Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры (Орал қаласы), Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры (Көкшетау қаласы), Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен Астана қаласының Жастар театры (Астана қаласы) 2015 жылдың атаулы оқиғалары – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы тақырыптарына арналған отандық және шетелдік авторлардың пьесаларына қойылған қойылымдарын ұсынып, Өскемен тұрғындары мен қонақтарының  сүйіспеншілігіне ие болды.

Фестиваль қойылымдарына театр және кино актері, режиссер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, профессор Асанәлі Әшімов төрағалық еткен  және құрамында өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейіс, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Мұрат Ахманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, сыншы Әлия Бөпежанова, өнертану кандидаты, доцент, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мұқан сынды еліміздің белгілі театр қайраткерлері қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекіткен фестиваль номинациялары мен сыйақылары бойынша арнайы дипломмен, мүсінмен және ақшалай сыйақылармен төмендегі театрлар мен актерлар марапатталды:

«Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясымен Думан Рамазанның «Ұлы арман» спектакліндегі Жалбы ролі үшін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері Аман Мұқашев;

«Тарихи тұлғаны ұлықтағаны үшін» номинациясымен Ерсайын Төлеубайдың «Алдаспан. Ж.Тәшенов» спектаклі үшін Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры;

«Үздік әйел адам бейнесі» номинациясымен Анна Батуринаның «Фронтовичка» спектакліндегі Мария Петровна Небылица ролі үшін Шығыс Қазақстан облысы Семейдің Ф.Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театрының актрисасы Елена Дручинина;

«Жоғары деңгейлі шығармашылық үйлесім» номинациясымен Сәкен Жүнісовтің «Тырау-тырау, тырналар...» спектаклі үшін Астана қаласының Жастар театры;

«Үздік режиссерлік шешім» номинациясымен Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» пьесасының негізінде қойылған «Тыраулап ұшқан тырналар» спектаклі үшін Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері Талғат Теменов;

«Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тақырыбын меңгергені үшін» номинациясымен Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» спектаклі үшін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры;

«Қазақ хандығының 550 жылдығы» номинациясымен Думан Рамазанның «Керей-Жәнібек» спектаклі үшін Шығыс Қазақстан облыстық драма театры;

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлығымен «Керей хан – хан Жәнібек» спектаклі үшін Шығыс Қазақстан облысы Абай атындағы   театры.

Сонымен қатар фестивальге қатысқан театрлар Министрліктің алғыс хатымен марапатталды.

Республикалық деңгейдегі ХХІІ театр фестивалі Шығыс Қазақстан өңірінде алғаш рет және Шығыс Қазақстан облыстық драма театрына арнайы салынған жаңа ғимаратта өткізілгенін ерекше атап айту қажет.

Фестиваль қойылымдарын 4500 көрермен тамашалады.

 

по материалам: mks.gov.kz