Ғ. Ахмедьяров: Мәдениет және спорт министрлігі музейлердің жұмыс форматтарын жаңғырту бойынша іс-шаралар жоспарының жобасын әзірледі

14.10.2015 10:08 1655

14 қазан, 2015. Астана. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан музейлерінің жұмысын жаңғырту туралы» тақырыбындағы баспасөз конференциясы өтті.

Бұл бағытта жүргізіліп отырған жұмыстар туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғ. Ахмедьяров, ҚР Ұлттық музейінің директоры Д. Мыңбай, ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Н. Әлімбай, Қазақстан халқы ассамблеясы Ғылыми-сараптау кеңесінің мүшесі Г. Кан, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Х. Әбжанов баяндады.

«Болашағы біртұтас ұлт» реформасы және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында мәдениет объектілерін, соның ішінде отандық музейлер қызметі форматын жаңғырту және олардың қызмет істеуі үшін жаңа жағдайлар жасау көзделген. Мәдениет және спорт вице-министрі хабарлағандай, бұл мақсатта Министрлік мемлекет музейлерінің жұмыс форматтарын жаңғырту бойынша іс-шаралар жоспарының жобасын әзірледі. Жоспарды жасақтау барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің (ЭЫДҰ), нақты алғанда, АҚШ және Ұлыбритания жетекші музейлерінің тәжірибесі қолданылды.

«Музейлер жұмысын жаңғыртудың басты аспектілерінің қатарына заңнамалық базаны жетілдіру, музей ағартушылық жұмыстарына қолжетімділікті арттыру, заманауи IT-технология өнімдерін енгізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарды күшейту, сонымен қатар жеке коллекция жиюшылар және ел бизнес-қауымдастығымен өзара әрекеттесуді кеңейту жатады», — деп хабарлады Ғалым Ахмедьяров.

Ұлыбританияда барлық музейлер мен кітапханаларды біріктіретін National Arts Council (Өнер Ұлттық Кеңесі) жұмысы реттелген. Кеңес көшпелі көрмелер ұйымдастырып, музейлердің арасындағы байланыстардың ұлттық және халықаралық деңгейінде дамуына септігін тигізеді, біліктіліктерін көтеру мақсатында музей қызметкерлері үшін кәсіби курстар өткізеді.

Осы аналогиямен ҚР Ұлттық музейінің жанында музейлер мен музей қызметкерлерінің Ұлттық Кеңесі/Ассоциациясын құру, олардың жұмысын (ЭЫДҰ) музейлерінің тәжірибесін қолдана отырып жүйелендіру жоспарланған.

«ҚР Ұлттық музейі базасында виртуальдық музейдің таныстырылымын өткізу, сонымен қатар бірегей мәдени құндылықтардың «Автоматтандырылған Жүйе-Музей» бірыңғай электронды базасын құру», — көзделген деп қосты Ұлттық музей директоры.

Еліміздің ең көне музейі - Мемлекеттік орталық музейінің директоры өз сөзінде ел музейлерінің жұмыс форматтарын жаңғыртуда шетелдік тәжірибе қолданудың маңыздылығына тоқталып кетті.

«Әлемнің ең ірі музейлері ғылыми-зерттеу орталықтарының жанында қызмет атқарады. Шетелдердегі үлкен тарихи ашулардың 70%-дан астамын музей қызметкерлері жасаған болатын», — деді Нұрсан Әлімбайұлы.

Музейлер мен қорық-мұражайлардың жұмыс форматын жаңғыртудың тағы бір маңызды бөлігі тарихи-мәдени, соның ішінде шетелдік туризмді дамыту болып табылады. Бұл жұмысқа бастау салынды — соңғы бірнеше жыл ішінде «Есік», «Берел» қорық-мұражайлардың аумағында интернет-кафе, оқу және көрме залдары, естелік павильондары бар визит орталықтары салынды. Сонымен қатар, жуырда Қазақ хандығының 550-жылдық мерейтойына арналған мерекелік шаралар аясында Таразда Елбасының қатысуымен археологиялық саябағы бар «Ежелгі Тараз» жаңа музей кешені ашылды.

Үстіміздегі жылы Абайдың «Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорық-мұражайының аумағында қонақ үйі, асханасы, конференц-залы бар тарихи-мәдени туристтік кешен, сондай-ақ «Таңбалы» қорық-мұражайында құрылатын визит орталықтың жобасы жасақталды.

Бүгінгі таңда тарих және мәдениет ескерткіштері, соның ішінде қорық-мұражайлардың аумақтарында орналасқан ескерткіштер, туристтік кластерлерге белсенді түрде қосылуда.

Инвестициялар және даму министрлігі жасақтап жатқан Қазақстандағы туризм саласының дамуы 2020 жылға дейінгі бағдарламасында археологиялық ескерткіштер мен тарихи-мәдени қорықтарды қосатын туристтік бағдарларға ерекше көңіл бөлінеді.

Бұл тұжырымдаманың жобасында Қазақстанның барлық қорық-мұражайлары «Астана», «Алматы», «Шығыс Қазақстан», «Оңтүстік Қазақстан, «Батыс Қазақстан» туристтік кластерлеріне біріктірілген.

по материалам: mks.gov.kz