Мәдениет және спорт министрі «Тақиялы періштені» 80-жылдық мерейтойымен құттықтады

06.11.2015 09:23 756

 

6 қараша, 2015. Астана. Ш. Аймановтың әйгілі «Тақиялы періште» фильмінің бас ролін сомдаған Ә. Райынбеков 80 жасқа толып отыр. ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы Әлімғазы Смағұлұлына ең жылы сөздері мен ізгі ниеттерін білдірген хат жолдап, алғашқылардың бірі болып мерейтоймен құттықтады.

Министрдің құттықтау хатында: «Ұлы кинематограф Шәкен Аймановтың жарты ғасырдан астам уақыт көрермендердің көзайымына айналып келе жатқан «Тақиялы періштесіндегі" бас кейіпкер Тайлақтың бейнесін сомдап, әлі күнге дейін өнерсүйер қауымның жүрегіне жол тартып келесіз. «Бізде балалық шақ болмады» деп бір сөзіңізде айтқандай, намыстан жаралған Сіз еңбекке ерте араласып, тынымсыз ғұмыр кештіңіз. Ал, бүгінде Гүлжауһар апа екеуіңіз он ұл-қыз өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдыңыз. Немере-шөбере тәрбиелеп отырсыз. Олардың бақытты балалық шағына қамқор болдыңыздар. Бүгінде еңбегіңіз елеусіз емес. Өмірдің талай өткелдерінен өткен ардақты ардагер, Алматы облысының құрметті азаматы және Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерісіз!» делінген.

Министр мерейтой иесіне ғұмырының ұзақ, шаңырағында шаттық болуына, өрбіген ұрпақтарының ортасында асқар таудай болып жүре беруіне ізгі ниетпен тілектестігін білдірді.

Әлімғазы Смағұлұлы Райынбеков кәсіби актер болмағанымен, көгілдір экранда шыққан 12 кинофильмнің жетекші рольдерін сомдай білді. 1965 жылы спорттық шаралардың бірінде көзге түскен ол «Ән қанаттары» фильмінің түсуге шақыру алған кезде Әлімғазы аға совхоз жүргізушісі болып жұмыс істеген болатын.

1968 жылы ол Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінде басты кейіпкер — Тайлақтың ролін ойнады. Фильм көрермендердің көңілінен шығып, әлі күнге дейін қазақстандық кино сүйер қауымның сүйікті фильмдерінің бірі болып табылады.

по материалам: mks.gov.kz