Қазақстандық Паваротти алғашқы жеке концертіне шақырады

09.11.2015 09:36 743

 

9 қараша, 2015. Астана. «Астана Опера» театрының жетекші солисті Медет Шотабаев 14 қарашада елордалық театрдың Камералық залында алғаш рет өзінің жеке концертін береді.

Оны қазақстандық Паваротти деп атайды, оның өнеріне табынушы мыңдаған итальяндықтар мен бразилиялықтар танымал тенордың қатысуымен өтетін қойылымдарға билет алу үшін кезекке тұрады.

Көпшіліктің назарын өзіне аударатын вокалдық шеберлігін Медет Шотабаев Рената Тибальдимен Марио дель Монако атындағы академияда (Пезаро, Италия) шыңдаған. Оның талантын шыңдауға Нұрлан Көшеров, Бекен Жылыспаев, Шахимардан Әбілов және Марио Мелани сияқты отандық және шетелдік кәсіпқойлар баға жетпес үлес қосты.

Оның қоржынын толтырған опералардағы басты партиялар: Дж. Вердидің «Риголеттосында» (Герцог), «Травиатасында» (Альфред), Г. Доницеттидің"Махаббатшырынында» (Неморино), Дж. Пуччинидің «Богемасында» (Рудольф), «Баттерфляй ханымында» (Пинкертон), «Тоскасында» (Каварадосси), П. Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» (Ленский) және т. б., олардың бір бөлігін М. Шотабаев еуропалық сахналарда орындаған.

Жеке концертте қазақстандық тыңдарманға қызықты бағдарлама ұсынылады, атап айтқанда онда Г. Гендельдің, Ж. Массненің, Дж. Вердидің, П. Чайковскийдің, Н. Римский-Корсаковтың, С. Рахманиновтің, Дж. Россинидің, П. Соросабальдің ариялары мен романстары шырқалады.

— Жеке концерт өткізу үшін ұзақ уақыт дайындалдым, енді бұрынғы арманымды іске асыратын кез келді. Гастрольдерге, қойылымдарға қатысатын тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, мен концертке дайындық жасауға көп көңіл бөлемін. Алдағы уақытта өтетін концертімнің афишасын көрген Бразилиядағы, Италиядағы, Ресейдегі және Қазақстандағы әріптестерім хабарласып, шараның жақсы өтуіне тілек білдіргенде, бұл мен үшін күтпеген қуаныш болды. Концерттің бағдарламасын менің тұрақты орындап жүрген репертуарларыма орай, ондағыбарлық жанрдың ең жақсы шығармаларын жинауға тырыстық. Бұл концерт өз жалғасын табады және мен оны Қазақстанның басқа қалаларында көрсетемін деп ойлаймын, — деді қызу дайындық үстіндегі тенор.

Фортепиано партиясын халықаралық байқаулардың дипломанты Долорес Үмбетәлиева орындайды.

Еске салып кетсек, Медет Шотабаев — Глинка атындағы XXIII халықаралық байқауының I дәрежелі сыйлық иегері және ең үздік тенор ретіндегі арнайы жүлде иегері (Мәскеу, 2009); «XX ғасыр өнері" халықаралық байқауының (Финляндия, 2009) және Румынияда өткен Х. Даркле атындағы халықаралық вокалисттер байқауының(2012) Бас жүлделерін иеленген, «Болашақтың үздік дауыстары» халықаралық байқауының (Париж, 2010) III дәрежелі сыйлық иегері.

по материалам: mks.gov.kz