Бүлдіршіндерге ағылшын тілін үйрететін «Ғажайып әліпби: ағылшын тілінде сөйлеп үйренейік» оқу кешені жасалды

10.11.2015 14:20 828

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының басшылығымен ағылшын тілін үйренгісі келетін бүлдіршіндер үшін керемет көмекші құрал құрастырылып, оқу бағдарламасына енгізілді.

«Ғажайып әліпби: ағылшын тілінде сөйлеп үйренейік» деп аталатын жинақ жас өскінге ағылшын тілін үйретуге бағытталған. Еңбекті дайындауда, жарыққа шығаруда үлкен жұмыс жүргізіліп, ерекше күш жұмсалғандығы оқу кешенін парақтап ашып, пайымдап қараған кезден бастап-ақ байқалады.

Қазіргі заман талабына сай сапалы да мазмұнды болып дайындалған әліпбиде ұсақ-түйек нәрсеге дейін түгел қамтылған. Кітап жаңа тіл үйренуге ниет білдіріп жүрген балалар үшін біраз жеңілдіктер мен қолайлылық әкелуге барынша баулынған: әріптерді жеңіл әрі жылдам меңгеру мақсатында суреттер мультимедиялық нұсқадан алынса, дыбыстық айтылуын оңайлату үшін ағылшын тілі қазақ дыбыстары негізіндегі инновациялық әдістеме арқылы үйретуге негізделген. Сонымен қатар қазақ тілі дыбыстарын ағылшын тілімен қосарлана үйрету әдістемесіне сәйкес иллюстративті материал берілген.

Бұдан бөлек, оқу кешенінің құрамына анимациялық құралдармен көрсетілген мультимедиялық нұсқа, есте сақтау қабілетін нығайтуға арналған бояу дәптері, суреттерді бояуға арналған түрлі-түсті қарындаштары енгізілген.

Айтып кету керек, балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп жасалған құралдағы барлық материалдар оқушыға қолайлы портфельге салынып ұсынылады. Портфельдің құрамын енген бояу дәптері әліпбиде берілген материалдарды пысықтауға, түстерді ажыратуға және сурет өнеріне баулуға көмектеседі. Яғни, оқу құралы бала ағылшын тілінде оқу, көру, және есту арқылы жан-жақты меңгеруге керемет мүмкіндік алады.

Аталмыш оқу кешені Білім және ғылым министрлігінің «Балапан» бағдарламасы аясында жасалды.

по материалам: mks.gov.kz