Астанада Ильяс Есенберлиннің 100-жылдығы аталып өтуде

12.11.2015 09:35 1526

  

12 қараша, 2015. Астана. Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық музейінің концерт залында көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өткізеді.

Ілияс Есенберлин — қазақ әдебиетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан, қазақтың көрнекті жазушысы. Қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан жүгіртіп, «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогияларымен ұлт рухын тірілткен қаламгер. Жазушының қаламынан туған «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы» романдары, өз заманының өзекті тақырыбындағы «Алтын құс», «Айқас» кітаптары тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетіне серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар болып табылады.

Аталған шара барысында ғылыми-практикалық конференция, кітаптар мен әдебиет көрмесі және салтанатты концерт ұйымдастырылды. Ғылыми-практикалық конференцияға І.Есенберлиннің мұрасын зерттеуші тарихшылар, Қазақстанның беделді білім ордаларының ғалымдары мен профессорлары қатысып жатыр. Конференция аяқталған соң, елімізге танымал сахна шеберлерінің қатысуымен салтанатты концерт өтеді.

Сондай-ақ, салтанатты кештің басында І.Есенберлиннің өмірі мен қайраткерлігі туралы бейнефильм көрсетілді.

по материалам: mks.gov.kz