Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні: қазақстандық жұлдыздар музейде экскурсия жүргізеді

25.11.2015 09:35 1393

 

 

25 қараша, 2015. Астана. Ертең Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Тұңғыш Президент күніне орай «Жұлдызды гид» ерекше жобасы өтеді. Еліміздің танымал әншілері мен жұлдыздары музей қызметкерлерінің орнына экскурсия жүргізетін болады.

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараның негізгі мақсаты — ғасырлардан жеткен ұлттық құндылықтарымызды, сирек кездесетін тарихи мұраларымызды кеңінен насихаттау, көпшілікке жақынырақ таныстыра түсу болып отыр.

Жобаға Маржан Арапбаева, Қалқаман Сарин, Досымжан Таңатаров, Қарақат Әбілдина, Клара Төленбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Құрмаш Маханов қатарлы елімізге танымал өнер жұлдыздары қатысады. Олардың әрқайсысы өзіне тиесілі залда қонақтарды күтіп алып, халқымыздың төл тарихы, мәдениеті және бағалы жәдігерлер туралы кеңірек таныстырып, ақпарат беретін болады.  

Ауқымды шара өнер жұлдыздарының концертімен жалғасады.

по материалам: mks.gov.kz