Белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері 2015 жылғы Президенттік және Мемлекеттік стипендиялармен марапатталды

18.01.2016 10:30 1487

  

18 қаңтар, 2016. Бүгін Алматы қаласында белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері 2015 жылғы Президенттік және Мемлекеттік стипендиялармен марапатталды. Рәсімді ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларды құттықтап, Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар отандық мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін берілген баға екенін атап өтті.

Г.Әбдіқалықова жалпыұлттық құндылықтарды нығайтудың жетекші күші болып саналатын зиялы қауымның рөлі туралы айтқан Мемлекет басшысының сөзіне қатысушылар назарын аударды. Мемлекеттік хатшы мәдениет қайраткерлерінің идеялары мен ой-пікірлері, шығармалары халықтың рухани қазыналарын, оның бай әрі төлтума өнерін сақтауға және еселеуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Стипендиялар Қазақстан Республикасының құрметтi атақтары мен мемлекеттiк наградаларын иеленген мәдениет және өнер қайраткерлеріне мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында, сондай-ақ айрықша дарынды шығармашыл жастарға Қазақстанның мәдениетін қалыптастыруға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін берiледi.

Отандық мәдениетті дамытуға қосқан маңызды үлесі үшін әдебиет пен өнердің 100 қайраткеріне стипендия тағайындалды. Стипендияға ие болғандар қатарында О.Сүлейменов, М.Жолдасбеков, С.Досанов, Б.Төлегенова, Е.Хасанғалиев, В.Толоконников, А.Әшімов, Ю.Померанцев, Ш.Мұртаза, Ә.Тарази, А.Молодов сияқты майталмандар бар.

Сонымен бірге, мемлекеттік қолдау Ж.Мақажанова, С.Мәдиев, Ә.Ахметов, Қ.Омаров, Е.Рысқали және басқа да жас дарындарға көрсетілді.

Кездесу Қазақстан мәдениеті мен өнерін дамытудың өзекті мәселелерін талқылаумен аяқталды. Мемлекеттік хатшы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы негізінде Болашағы біртұтас ұлт қалыптастырып жатқан Қазақстан халқының игілігін, абыройы мен ар-ұжданын паш ететін терең мазмұнды жаңа шығармаларға арқау болады деп үміттенетінін  жеткізді.

Алматыға жұмыс сапары аясында Г.Әбдіқалықова Қазақстан Жазушылар одағының басшылығымен де кездесіп, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» және «Простор» журналдарының редакцияларын аралап көрді.

Еліміздің қаламгерлерімен әңгімелесу барысында Қазақстанда әдебиетті насихаттау, көркемдігі жоғары шығармаларды туғызу, сонымен бірге Қазақстанның рухани-мәдени саласын одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында ҚР Мемлекеттік хатшысы шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтетін мерекелік іс-шараларға белсене қатысатынына сенім білдірді.

по материалам: mks.gov.kz