Астанада «Елбасы жолы» кинотуындысының «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің тұсаукесері ұйымдастырылды

26.04.2016 17:44 1758

 

26 сәуір, 2016. Астана. Бүгін «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстан Республикасы  Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты.

Фильмнің режиссері – Ресей Федерациясы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің Халық артисі – Сергей Снежкин («Белая гвардия», «Брежнев», «Цветы календулы», «Женский роман» және т.б.).

Кинотуынды Кеңес  Одағының құлауы, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, оның ішінде Қазақстан Республикасы туралы баяндайды.  Фильм 1984-1991 жылдар аралығын қамтиды. Аталмыш көркем фильм ел тарихындағы елеулі оқиғаларға зер салып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоғам өмірінің бар саласында атқарған рөлін, сондай-ақ Мемлекет басшысының дүниежүзілік ауқымда ынтымақтастықты арттырудағы айрықша қызметін саралайды.

«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі 2016 жылы 28 сәуірден бастап жалпыұлттық прокатқа шығады, еліміздің барлық кинотеатрларынан  көрсетіле бастайды.