ҚазҒЗМИ бас директоры шығармашылық одақтарды дамытуды талқылау бойынша жұмыс тобының отырысына қатысты

23.11.2016 15:55 1533

 

Ағымдағы жылғы 17 қарашада  Т. Жүргенов  атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының стратегиялық артықшылықтары және шығармашылық одақтарды дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға мәдениет және өнер саласындағы көрнекті қайраткерлер, шығармашылық одақтардың жетекшілері, ғылыми интеллигенция өкілдері және арт-менеджерлер қатысты.

Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан Республикасы дін істері және азаматтық қоғам министрлігі қолдауымен «Көшбасшы» мәдени бастамаларды дамыту қоры ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел жұмысы барысында жұмыс тобының сарапшыларымен мемлекеттік қолдауға және шығармашылық одақтар қызметін нығайтуға қатысты мәселелер, шығармашылық қызметкердің дәрежесі –оны растау тетіктері,  өкілеттіктері, артықшылықтары және  шығармашылық одақтардың жауапкершілігі талқыланды.

Дөңгелек үстелдің модераторы,  өнертану кандидаты, Т. Жүргенов  атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Бейнелеу өнерінің тарихы және теориясы» кафедрасының профессоры Ольга Батурина өзінің алғы сөзінде шығармашылық одақтарды ары қарай дамыту үшін бүгінгі талқылаудың маңызды екенін атап айта келе, одақтар мен мемлекеттік органдар арасындағы жеткіліксіз тиімді байланысқа назар аударды.

Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты аға ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты Мадина Сұлтанова «шетелдік тәжірибеге және шығармашылық одақтарды қолдаудың түрлі үлгілеріне сүйеніп, қазақстандық одақтардың проблемаларын терең зерттеп, бірлесіп даму стратегиясын әзірлеу қажеттігін» атап айтты.

Доцент, әлеуметтік антрополог, материалдық емес мәдени мұралар бойынша ЮНЕСКО сарапшысы Евфрат Мамбеков: «Ең алдымен біз шығармашылық одақтарды қай тұрғыдан - шығармашылық тұрғысынан ба әлде одақ-бірлестік ретінде қарайтынымызды анықтау керек. Сондай-ақ менеджментке назар аудару керек».

Оның ұстанымын «Cultural Dialogue шығармашылық бастамалар орталығы» қоғамдық қоры арт-менеджері Шынар Жәнібекова қолдап, шығармашылық одақтарға тараптардың әрқайсысының құқығы мен міндеттерін заңды түрде анықтап, мемлекеттік органдар мен одақтар арасында табысты диалог ұйымдастыруға мүмкіндік беретін сапалы менеджмент керектігін атап айтты.

Өмірбек Жұбаниязов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы суретшілер одағының төрағасы: «Мәдениет туралы заңға» өнер қайраткерлері және шығармашылық одақтар бөлігі бойынша толықтырулар қажет».

Андрей Хазбулатов, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты бас директоры, «шығармашылық одақтар ең алдымен мемлекеттік саясаттың жетекшісі, мемлекет, шығармашылық интеллегенциясы және қоғам арасындағы ерекше көпір болуы тиіс. Шығармашылық одақтар дәрежесін қолдау үшін олардың даму іс-әрекеттерін және тиімді тетіктерін басшылыққа алатын Стратегия қабылдау қажет» екендігін атап айтты.

Сонымен қатар, өз пікірлерін «Қазақстан композиторлар қауымдастағы» ҚБ  композиторлар одағының мүшесі Әліби Мамбетов, Т. Жүргенов  атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кескіндеме, мүсін және дизайн» кафедрасының деканы Бауыржан Байділда, «Қазақстандық дизайнерлер одағы» РҚБ вице-президенті Игорь Поляков, Artbatfest директоры Ольга Веселова, «Cultural Dialogue шығармашылық бастамалар орталығы» қоғамдық қоры жетекшісі Жанна Мамбетова білдірді.

Талқылау барысында барлық қатысушылар шығармашылық одақтарды дамыту үшін бірыңғай Стратегия қабылдау және мемлекеттік органдармен табысты диалог орнату қажеттілігін атап айтты және жоба бойынша ары қарай бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.