Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті меморандум бекітті

21.01.2019 10:00 356

   

 

2019 жылдың 16 қаңтары Түркістан қаласында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры,  PhD доктор, қауымдастырылған профессор Андрей Хазбулатов және  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі вице-президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қамалбек Беркімбаев  бірлескен ғылым және білім беру қызметі саласында ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды. Келісімнің мәні  Түркістан облысының аумағында тарихи-мәдени ескерткіштердің түрлері мен санын, сақталу дәрежесі мен жағдайын анықтау, өңірдің ежелгі және ортағасырлық ескерткіштерінің өзара байланысы мен тарихи сабақтастығын көрсету үшін археологиялық зерттеулер жүргізу,  сонымен қатар бірлескен конференциялар , семинарлар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер мен білім беру, ғылым және мәдениет саласындағы басқа да бастамаларға ат салысу болды.  Бұдан басқа, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ұзақ жылдар бойғы зерттеу нысанына айналған ортағасырлық Күлтөбе қалашығында бірлескен археологиялық қазба жұмыстары жоспарланған.                                                                                                                                                              Күлтөбе қалашығы сан ғасырлық тарихы бар  Түркістан қаласының ежелгі өзегі болғанын еске сала кетейік. Осылайша, археологиялық зерттеулер барысында  б.з.д. І ғасырға жатқызылатын  Ясы қаласы бекінісінің қирандылары табылды. Бұл XII-ХІІІ ғғ., тіпті  XVIII-XIX ғасырлармен кезеңделеді. Қалашық туралы толығырақ ақпаратты http://kultobe-uko.kz. ақпараттық порталында көре аласыздар.