Күлтөбенің кереметі

14.09.2020 10:02 1160

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Хазбулатовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында көне Түркістанның Күлтөбе қалашығын зерттеу кезіндегі тың жаңалықтар мен оларды зерделеу жолдары туралы айтылды.

«Күлтөбе қалашығының та­ри­хи объектілерін қалпына кел­тіру» жобасы 2019 жылы бастау алып, 200-ге жуық жұмысшы жыл көлемінде көптеген маңызды объектілер мен жәдігерлерді зерт­тегені белгілі. Биылғы жылы та­рихи орынды зерттеу, қайта қал­пына келтіру жұмыстарына «Әзі­рет Сұлтан» мемлекеттік та­ри­хи-мәдени қорық-музейі мен об­лыстық, қалалық Жастар ре­сурс­тық орталықтарының бас­шылары арасында түзілген ме­морандумға сәйкес ерікті жастар да қосылды.

– Археологиялық игеру жұ­мыс­тарын жүргізу үшін ең алдымен әртүрлі кезеңге жататын бірқатар археологиялық нысандарда топырақ қабаттарын тазарту жұмыстары жүргізілді. Түп­нұсқалық кескінді қалпына келтіру үшін ежелгі Түркістан қалалық сәулет өнерінің маңызды архитектуралық үлгілері болып саналатын, ерекше қорғалатын нысандар анықталды. III-IV ғасырлардағы алтыннан жа­сал­ған әйелдердің зергерлік бұ­йым­дары, ертедегі және орта ға­сырдағы керамиканың түр-тү­рі, діни мазмұндағы ежелгі кі­таптар табылды. Жоба барысын­да табылған барлық құнды ар­хеологиялық олжа зерттеліп, ка­талогы жасалып, қалпына кел­тірілуде. Олардың барлығы мұ­ражай коллекцияларының бір бөлігіне айналады, – деді А.Хаз­булатов.

Жоба жетекшісінің айтуынша, жоба үш жылға, яғни 2019-2021 жылдарға жоспарланған. Қалашықтың жалпы аумағы – 27 га. Аталған аумақ әр жылға 9 гектардан бөліп қарастырылған.

Мәдениет және спорт ми­нистрлігі және Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ЖШС қолға алған жоба «ERG» кор­поративтік қорының қаржы­лай қолдауымен жүзеге асуда.

Бұл табылған заттар Сар­мат-Каңлы дәуірінің (II-III ға­сыр­лар) бұрын табылған ежелгі ци­та­де­лімен қатар, II-XIX ғасырлар ара­лығында Күлтөбе тарихи-мә­дени ландшафтының негізгі төрт кезеңін нақты ажыратуға мүмкіндік береді. Археологиялық және тарихи-мәдени зерттеулер­ге сүйене отырып, Күлтөбе қа­ла­шығының дамуын мына ке­зеңдерге бөлуді ұсынуға болады: – ерте кезең (II-IV ғасырлар) – Сармат-Каңлы дәуіріндегі діни және рухани орталық; – екінші кезең (VII – IX ғасырлар) – түр­кі дәуіріндегі кішігірім қоныс; – үшін­ші кезең (Х – ХІІІ ғасырлар) – ортағасырлық кезең (қалалық мәдениеттің дамуы және Қожа Ах­мет Ясауи дәуірі); – төртінші кезең (XVI – XIX ғасырлар) – Қа­зақ хан­дығының кезеңі (маңызды
саяси және экономикалық ор­та­лық, мәдениеттердің тоғысуы, Түр­кіс­тан – Қазақ хандығының астанасы, қазақ-жоңғар соғыс­та­ры кезінде құлдырап кеткен толыққанды қалалық инфра­құ­рылым).

Баспасөз мәслихаты ба­­ры­сында әлемге танымал архео­лог Майкл Янсон бейнежазба жол­дап, «Күлтөбе қалашығының та­рихи нысандарын қалпына кел­тіру» жобасын әлі де жалғас­тыру керек­тігін айтты.

«Бұл жерде түркі мәдениеті­нің тарихы қордаланып жатыр. Сол замандағы халықтың әлеу­меттік-экономикалық жағ­да­йын тану­ға болады. Егер де ежел­гі ескерт­кіш­ті ашпасақ, зерт­­­те­ме­сек, онда Түркістан қа­ла­сы­ның пайда болу тарихы ғы­лым­нан жасырын қа­лады. Ал ен­ді ескерткіштерді ашса, олар­ды ашық аспан астында қал­ды­руға болмайды. Табиғат құ­бы­лыстарының әсерінен олар жыл­­дам бұзылып, жоқ болады. Осыны ескерген дұрыс. Біз бо­лашақ үшін бар күш-жіге­рі­міз­ді салуымыз қажет», – деді М.Янсон.

Айта кетсек, Күлтөбе қала­шығына алғашқы архео­ло­гиялық зерттеу жұмыстары 2010 жылы белгілі қазақстандық ға­лым Ерболат Смағұловтың бас­тамасымен жүргізіле бастаған. Кейін археологтар Күлтөбе – Ясы (Түркістан) қаласының ең ежелгі бөлігі екенін анықтаған. Біздің заманымызға дейінгі бірінші ға­сырға жататын ғибадатхана мен бірқатар архитектуралық құ­­рылымдардың табылуы Ясы қаласының тарихын тағы мың жарым жылға ұзартып, Ұлы да­ланың тарихы мен мәдениетін қалыптастыратын аспектілерді қайта қарауға алып келді. 2017 жылы нысан ғалымдардың назарын өзіне аудартып, Қазақ ғы­лыми-зерттеу мәдениет инсти­ту­тының басшылығымен ша­ғын ғы­лыми жоба аясында қолға алын­ды. Ал былтырдан бері «ERG»-дің қаржылай қолдауымен қа­ла­шық толыққанды зерттеле бастады.