ҚР МСМ кеңейтілген алқа отырысы: Жаңа сынақтар жаңа мақсаттарға жетелейді

27.08.2014 11:30 1279

 

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары Г.Н. Әбдіқалықованың қатысуымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа жиналысы өтті. Алқа жиынында Министрлік қызметінің қорытындылары мен жаңа ведомостваның алдағы мақсаттары қарастырылды.

Мәдениет және спорт министрлігінің кезекті алқа жиыны Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жағдайында өтіп отыр. Өзгерістер шеңберінде Мәдениет министрлігінің, дін істері, спорт және дене шынықтыру Агенттіктерінің қызметтері мен өкілеттіктерін біріктіру туралы шешім қабылданып, Министрліктің ішкі құрылымы өзгертілді.

Министрліктің алқа жиынында сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары жаңа министрлік жұмысының стратегиялық бағыттарын атап өтті.

 Алдағы негізгі міндет Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Қазақстанның мәдениет саясатының Тұжырымдамасын қабылдау мен іске асыру.

Спорт пен дене шынықтыру мемлекетіміздің ерекше назарындағы сала. Үкімет бұқаралық спортты дамыту, спорттық резервті дайындау бойынша жұмысты жандандыру, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің ашылуына жаңа серпін беру, маңызды спорт түрлері үшін жаттықтырушыларды даярлау бойынша бөлімшелерді көбейту міндеттерін қойып отыр.

 Г. Әбдіқалықова діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуға, дін саласындағы заңнаманы бақылауға бағытталған жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Үкімет басшысы орынбасарының пікірінше конфессияаралық келісімді нығайту үшін діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастың жаңа тетіктерін ойластыру қажет.

Үкімет тіл саясатында, азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастық, ауқымды жалпыұлттық жобаларды іске асыруда жеке міндеттер қойды.

Министрлік қызметінің қорытындылары туралы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады. Салалық комитеттердің басшылары мәдениет пен өнер, спорт пен дене шынықтыру, дін саласының жай-күйі, қоғамдық-саяси жұмысты ұйымдастыру мен тіл саясатын іске асыру салаларындағы жұмыстардың қорытындыларымен бөлісті.

Өз кезегінде, ведомства басшысы А. Мұхамедиұлы жаңа Министрліктің әлеуметтік саясат саласында үлкен әлеует пен мүмкіндіктерге ие екендігін атап өтті.

Ол министрлік ұжымы өзгерістердің маңыздылығын түсінетіндігін, алға қойылған міндеттерді орындауға және ведомоства құзіретіндегі барлық бағыттар бойынша үлкен жұмысқа дайын екендігін атап көрсетті.

по материалам: www.mk.gov.kz