Спорт және дене шынықтыру саласындағы жұмыстың дамуы жүйелілікті қажет етеді

27.08.2014 12:30 1295

 

Астанада өтіп жатқан ҚР мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы А. Мұхамедиұлы: «Қазақстанда спорт саласын дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес құрылуы тиіс», - деп атап өтті.

 Бүгін ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында мемлекеттегі спорт пен дене шынықтыру саласының жағдайы мен болашақтағы міндет-мақсаттары талқыланды.

Министр бұл саладағы көптеген жетістіктерге қарамастан, бірқатар маңызды міндеттерді шешу қажеттілігін атап өтті.

Ең алдымен, жұмысты жүйелі негізде жүзеге асыру қажет. Тек қана белгілі спортшыларды ғана емес, біліктілігі жоғары, танымал жаттықтырушыларды шақырған да дұрыс. 

Құрылысы тым ұзаққа созылып кеткен спорттық кешендердің құрылысын тездетіп бітіру қажет.

Қазіргі таңда бизнес өкілдерінің спортқа кеңінен қолдау көрсетіп, спорт командалары мен спорт түрлеріне қаржы салуы көңіл қуантады. Бұл еліміздегі спорттың дамуы мен кеңінен таралуына жаңа серпін беретіндігі сөзсіз.

Сондай-ақ, құзыретті органдар мен арнайы құрылымдар, федерациялар мен спорт клубтары арасында тығыз өзара байланыстың жоқтығы жасырын емес.

«Осыған байланысты, спорт саласын дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес құру дұрыс деп есептеймін. Ол тек спорт өкілдерінің ғана емес, спортқа қатысы бар бейресми құрылымдар (кәсіпкерлер, меценаттар, т.б.) өкілдерінің басын қосуы қажет. Қоғамдық кеңес құзыретті орган, спорт клубтары, федерациялар мен демеушілердің қарым-қатынасын үйлестіруі қажет», - деп өтті министр.

по материалам: www.mk.gov.kz