«Мәңгілік ел» ұлттық идеясы - жаңа мәдени саясаттың стратегиялық басым бағыты

27.08.2014 13:00 1944

 

Астанада өтіп жатқан ҚР мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы А. Мұхамедиұлы: «Біз әлемге танымал бола алатын мәдени төл брендтерімізді қалыптастырып, заманауи шығармашылық, туристік кластерлерді дамытуымыз қажет », -  деп атап өтті. 

Ведомоства басшысы мәдениет саласында бірден-бір маңызды жобалардың бірі Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленген мәдени саясаттың ұзақ мерзімді Тұжырымдамасы  екендігін атап өтті.

Министрлік дайындаған Тұжырымдама жобасы ҚР Парламенті депутаттарының, мемлекеттік органдардың ведомствоаралық жұмыс тобы мүшелері, шығармашылық одақ, ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүшелерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел, кездесулерде кеңінен талқыланды. Тұжырымдаманы дайындаушылар аталмыш жобаның тұсаукесерін Қазақстанның көптеген аймақтарында өткізді.

Жаңа мәдени саясаттың стратегиялық басым бағыты Елбасы ұсынған  «Мәңгілік ел» идеясы болып табылады.

«Отандық мәдениеттің өзіндік ерекшелігі мен бірегейлігіне ерекше мән бере отырып, Тұжырымдаманың басым бағыттары еліміздің көпұлтты ортақ мәдени кеңістігін құру, танымал бола алатын төл мәдени брендтерімізді қалыптастыру, заман талабына сай шығармашылық және туристік кластерлерді дамытуға бағытталған» - деді министр.

Ведомство басшысының пікірінше, аталмыш мақсаттарға қол жеткізу үшін бәсекеге қабілетті мәдени ортаны қалыптастырудың пәрменді механизмдерін іске қосып, қолданыстағы қаржыландыру жүйесін мемлекет пен жеке кәсіпкерлік, бизнес құрылымдарын тарту арқылы жетілдіру, мәдениет және өнер саласында жаңа инновациялық технологияларды кеңінен қолдану қажет.

Мәдени кластер – шығармашылық, білім мен ғылым, экономика, бизнес және инновациялық технологиялар арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз  ететін экономиканың шығармашылық бөлігі. Оның басты мақсаты идеяларды іздестіру, бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие өнім шығару, өнер индустриясын құру болып табылады.

по материалам: www.mk.gov.kz