Ресейдегі отырыста халықаралық мамандар назарына Қазақстанның мәдениет саясаты Тұжырымдамасының жобасы ұсынылды

11.09.2014 00:00 1352


2014 жылғы 9 және 12 қыркүйек аралығында Санкт-Петербургте (Ресей) «Музейлер және билік» атты Халықаралық конференция өткізілуде. Бірегей отырысқа 31 мемлекеттің 400-ге жуық жетекші мамандары жиналды. Қазақстан атынан Конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов қатысуда.

Халықаралық конференцияны Музейлердің халықаралық кеңесі (Ресей ИКОМ), Санкт-Петербург қаласының үкіметі, Свердлов облысының үкіметі мен Ресей Федерациясының Президент Әкімшілігінің қолдауымен Ресей, Германия және АҚШ музей қауымдастығы ұйымдастырып отыр.

«Музейлер және билік» тақырыбы ұжымдық жұмыс пен жергілікті қауымдастықтар мен келіп қараушылар арасындағы қарым-қатынастардан мәдениеттің жергілікті және халықаралық деңгейдегі мәдени және қаржы саясатына ететін ықпалына дейінгі кең ауқымды мәселелерді біріктіреді.

Конференцияның ашылуында ғылым мен өнердің сақталуы және дамуына баға жетпес еңбек сіңірген көрнекті қайраткерлер сөз сөйледі. Олардың қатарында Музейлердің халықаралық кеңесінің президенті Ханс Мартин, А.С.Пушкин атындағы бейнелеу өнері мемлекеттік музейінің президенті Ирина Антонова, Ресей музейлері одағының президенті, Мемлекеттік Эрмитаждың бас директоры Михаил Пиотровский бар. Шараны Ресей ИКОМ Президенті, РФ Президентінің кеңесшісі Владимир Толстой жүргізуде.

Конференция жұмысына, сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов та қатысып жатыр. Ол халықаралық мамандар қауымдастығының назарына еліміздің азаматтық қоғамында кеңінен талқыланып жатқан Қазақстан Республикасы мәдениет саясаты Тұжырымдамасының жобасын ұсынды.

Өзінің баяндамасында А.Хазбулатов мәдениеттің қоғамдық дамудың басты көрсеткіші ретіндегі маңыздылығына тоқталып өтті. А.Хазбулатов пікірінше, мемлекет тарихында алғаш рет жасақталып шыққан мәдениет саясатының Тұжырымдамасы Қазақстан экономикалық, саяси, әлеуметтік салаларда дамудың белгілі бір жетістіктеріне қол жеткізгендігінің дәлелі болып табылады.

«Бүгінгі жаһандық бәсекелестік жағдайында мәдениеттің қоғамда ойнайтын рөлінің терең түсінігін қалыптастыру қажет. Әлемдік тәжірибе елдің дамуы мемлекеттік патриотизмнің ұлттық идеясы мен қағидаларына негізделген мәдени саясатқа тәуелді екендігін дәлелдейді. Бұл орайда ұлттық мәдениет пен өнердің өркендеуіне айрықша мән беретін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев мәдениет саясаты Тұжырымдамасының жобасын жасақтау туралы тапсырмасын өте уақытылы берді», - деді А.Хазбулатов. Тұжырымдаманың ұсынылған жобасында мақсаттар мен тапсырмалар, сонымен қатар Қазақстан Республикасының мәдени саясатын жүзеге асырудағы жүйелік көзқарас, қағидалар мен құралдар нақты белгіленген.

Германия, Ресей және АҚШ ИКОМ ұлттық комитеттері «Музейлер және билік» Конференциясын алғаш рет 2012 жылы ұйымдастырған болатын. Конференцияны өткізудің басты алаңы биыл 250-жылдық мерейтойын тойлап жатқан Ресей Федерациясының Мемлекеттік Эрмитажы екендігін еске саламыз.

по матнриалам: www.mk.gov.kz