Қазақстандық делегация ресми сапармен Арменияда болды

13.10.2014 19:35 1603

Қазан айының 5 мен 10 аралығында Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт Министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған қазақстан делегациясы  Армения Республикасының астанасы Ереван қаласына ресми сапармен барды. 

Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт Министрі А. Мұхамедиұлы мен Армения Республикасының мәдениет Министрі А Погосян арасында 2015-2017 жылдарға арналған мәдениет саласы бойынша мемлекетаралық ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. 

Ереван қаласына барған делегация құрамында сонымен қатар Қазақ ғылыми зерттеу-мәдениет институтының директоры Андрей Хазбулатов, «Білім және Мәдениет» телеканалының директоры Бақыт Қайырбеков болды. Олар «Мәдениеттегі жаңару үдерісі және әлемдік мәдени кеңістікке Қазақстан мәдениетiнің бірігу векторлары» және «Көшпелілердің тарихын, археологиясын, этнографиясын, мәдениеті мен өнерін зерделеу бойынша ғылыми қолданбалы зерттеулер жүргізу» атты жобалардың аясында Армян ғалымдары мен бірқатар мәселелерді талқылап, ежелгі көшпелілердің ғажайып мәдениеті саналатын армян-қыпшақ жазбасы ескерткіштері жайлы деректі фильм түсіруге уағдаласты.  

 Ресми сапар барысында қазақстандық делегация әлемдегі ең ірі қолжазбалардың бірі саналатын, Месроп Маштоц атындағы Матенадаран ежелгі қолжазбалар Институтына ат басын бұрды. Матенадаран қорында 17 мыңнан астам ежелгі қолжазбалар мен 100 мыңнан астам мұрағаттық ескі құжаттар сақталған. Мұражай қорында 2281 ежелгі кітаптар бар. Матенадаран коллекциясы Армения, Кавказ бен Таяу және Орталық Шығыстың баға жепес тарихи-ғылыми зерттеу орталығы болып саналады. Сонымен қатар Институт мұражайында бағалы көркемөнер болып табылатын  ежелгі армян қолжазбаларының бейнесі мен миниатюрасы бар.

 Сондай-ақ қазақстандық делегация құрамы Ереван университетінің ректорымен және Армениядағы Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Айымдос Бозжігітовпен кездесіп, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт Министрлігі ұйымдастырған «Қазақстан» атты фотокөрменің ашылуына қатысты.