Инчхондағы XVII жазғы Азия Ойындары өз мәресіне жетті

06.10.2014 00:00 1326

2014 жылдың 4 қазанында Корей Республикасының Инчхон қаласында XVII жазғы Азия Ойындары аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасы әртүрлі құндылықтағы 84 жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық жүлделер есебінде төртінші орынға табан тіреді.

Сайыстардың ақтық күні қазақстандық атлеттер спорттың бір түрінде өнер көрсеткен болатын. Карате жарыстарында отандық спортшымыз Халид Халилов қола жүлде ұтып алса, Екатерина Хуповец күміс жүлделі орынға орнықты.

Азия континентінің төртжылдықта бір рет өтетін басты спорттық шарасының ақырғы күні қазақстандық құрама үшін ең сәтті күн болды деп айта аламыз. Бұл күні спортшыларымыз 8 алтын және 2 күміс жүлде ұтып алды.

Азия Ойындарында Қазақстан бокс құрамасына тең болған команда болған емес-ті. Финалға шыққан былғары қолғап шеберлеріміздің арасында тек Біржан Жақыпов қана (46-49 кг) ақтық жекпе-жекте жеңіске жете алмады. Дегенмен, алтынға тең күмістің иегері атанды.

Ал Ильяс Сүлейменов (52 кг дейін), Данияр Елеусінов (69 кг дейін), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг дейін), Әділбек Ниязымбетов (81 кг дейін), Антон Пинчук (91 кг дейін) және Иван Дычко (91 кг жоғары) «Азия құрамасынан» басым түсіп, XVII жазғы Азия Ойындарының жеңімпаздары атанды.

Жалпыкомандалық жүлделер есебінде Қазақстан ұлттық құрамасы алдына тек Азияның спорт көшбасшыларын ғана– Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония – салып, төртінші орынға нық табан тіреді. Отанымыздың қанжығасына 28 алтын, 23 күміс, 33 қола, 23 спорт түрінен барлығы 84 жүлде түскен болатын.

 

по материалам: www.mk.gov.kz