ҚазҰӨУ сахнасында шетелде тұратын отандастарымыздың халықаралық өнер фестивалі ашылды

09.10.2014 00:00 1379

9 қазан, 2014. Астана. Қазақ ұлттық өнер университетінің ғимаратында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен шет елдерде тұратын отандастарымыздың халықаралық өнер фестивалінің ашылу рәсімі өткізілді.

Шетелде тұратын отандастарымызбен мәдениет және руханият, сондай-ақ білім салаларындағы байланысты дамыту мен олардың ұлттық әлеуетін арттыруды мақсат етіп қойған шараға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, шығармашылық интеллигенция өкілдері, өнер әуесқойлары мен 20-дан аса алыс және жақын шет елдерден келген қазақ диаспораларының өкілдері қатысты.  

Шара аясында «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты  ақындар мүшәйрасы, термешілер сайысы және суретшілер көрмесі және өзге елдерден келген қандастарымызға Елорданың ең көрікті жерлерін көрсетуге бағытталған саяхат ұйымдастырылды.

Фестивальдің салтанатты ашылуында Халықаралық фестивальға қатысушыларға арнап ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі М. Әзілханов, филология ғылымдарының докторы, профессор М. Жолдасбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты О. Асанғазықызы,  Еуропа қазақтары қауымдастығының төрағасы Каюм Кеседжи және т.б. өз құттықтауларын жеткізді. Фестиваль дәстүрлі өнер шеберлері мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен қорытынды гала концертке ұласты. 

Байқау қорытындылары бойынша жеңімпаздар диплом, алғысхаттар және ақшалай сыйлықтармен марапатталып, фестиваль мерекелік гала-концертпен аяқталатын болады.

          

по материалам: www.mk.gov.kz