Алматыда 100 томнан тұратын «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклоры топтамасының тұсаукесер рәсімін өткізді

17.11.2014 00:00 1536

 

16 қараша, 2014. Алматы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалған 100 томнан тұратын «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклоры топтамасының тұсаукесер рәсімін өткізді. Бірегей басылым қазақ мәдениетінің рухани-зияткерлік, көркемдік және ғылыми бірлестікке кіруіне септігін тигізбек.   

Ұзақ жылдар бойы қазақ фольклоры сериялы түрде жарияланған жоқ. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, т.б. фольклор шығармаларын арнайы том немесе жеке кітап түрінде жарыққа шығарды. Қазақ фольклорын көп томдық етіп жариялау ісі тек өткен ғасырдың 80 жылдары қолға алынғанмен, 17 томы ғана жарыққа шықты.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары елімізде қазақ фольклорын зерттеу бойынша жұмыстар қолға алынды. Президентіміз           Н. Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының арқасында ұлттық фольклорымыздың басым көпшілігі біртұтас серия түрінде «Бабалар сөзі» деген атаумен 100 том көлемінде жарыққа шықты.

Топтама ғылыми басылымдардың жүйесінде дайындалғандықтан, жинақтарда негізінен шағатай, қадім, төте араб жазулары мен латын әрпінде хатқа түскен мәтіндер қамтылды. Халық эпосының  «Хикаялық дастандар» (13 том),  «Діни дастандар» (7 т.), «Ғашықтық дастандар» (11 т.), «Тарихи жырлар» (11 т.), «Батырлар жыры» (20 т.) секілді түрлері мен фольклордың «Мақал-мәтелдер» (5 т.), «Қара өлең» (2 т.), «Шежірелік жыр-аңыздар» (3 т.), «Ертегілер» (5 т.), «Тарихи аңыздар» (4 т.), «Ауызекі әңгімелер» (3 т.), «Ғұрыптық фольклор» (2 т.),  «Ән өлеңдер» (2 т.) және «Жұмбақтар», «Балалар фольклор», «Қазақ мифтер», «Моңғолия қазақтарының фольклоры», «Топонимдік аңыздар», «Күй аңыздар», «Аңыздық шежірелер», «Аңыздық жырлар», «Өтірік және мысалдар», «Магиялық фольклор», «Түс жору және ырымдар», «Хикаяттар» (бір-бір том) сияқты жанрлары текстологиялық сараптаулардан өтіп, әр томның ғылыми қосымшасында түсініктемелер, қолжазбалар туралы мәліметтер, мәтіндерде кездесетін тарихи, діни есімдер, мәтіндердегі түсініксіз ұғымдардың сөздігі, жер-су атаулары, шартты қысқартылған сөздер мен атаулардың тізімі, пайдаланылған әдебиеттер және томның орыс, ағылшын тіліндегі түйіндемесі жазылды.  

Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық байлықты бір жерге топтап, жүйелеп, ғылыми шарт негізінде текстологиялық жұмыс жүргізіп, академиялық басылым ретінде 100 том етіп жарыққа шығарған жалғыз мемлекет болып табылады.  

по материалам: www.mk.gov.kz