Астанада ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен "Тығырықтан жол тапқан" фильмінің тұсаукесері өтті

01.12.2014 00:00 1497

Бүгін Астана қаласында «Қазақстан» концерт залында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Тығырықтан жол тапқан» атты толықметражды көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Жаңа фильмнің алғашқы көрсетілімі Президенті Н. Ә. Назарбаевтың қатысуымен өткізілді. 

«Тығырықтан  жол тапқан» толықметражды көркем фильмі Отанға, елге қалтқысыз да адал қызмет ету мен сүйіспеншілікті бейнелейтін «Елбасы» киноэпопеясының төртінші бөлімі. Киноэпопеяның «Балалық шағымның аспаны», «От-өзен» және «Теміртау» бөлімдерін отандық көрермен қауым үлкен қызығушылықпен тамашалаған болатын. 

Жаңа фильмде бас кейіпкер Сұлтанның Орталық Азиядағы ірі металлургиялық комбинат – Қарметкомбинаттың партия хатшысы қызметі жолындағы еңбегі баяндалады. Фильм сюжетіне оның Днепродзержинск қаласындағы оқу орнын аяқтағаннан кейінгі «Қазақстандық магниткадағы» мінезінің шыңдалып, өмірлік ұстанымдары белгіленетін өмір жолы арқау болды.

Киноэпопеяның сценарийін Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармаларын негізге ала отырып, белгілі драматург-сценарист Шахимарден Құсайынов, Рүстем Әбдірашов және Генадий Земель жазды. Сондай-ақ Президент әріптестері, достары мен серіктестерінің естеліктері қолданылды.

Түсірілім жұмыстары Қазақстан және Ресей елдерінде жүргізілді. Алматы, Астана, Қарағанды, Теміртау қалаларында сондай-ақ Мәскеу қаласында (Ресей) түсірілді.

Фильмнің музыкасын жазған қазақстандық талантты композитор Әбілқайыр Жарасқан. Ал сол заманның бітім-болмысын, индустриалды Қазақстанды және барлық инфраструктураны  дәлме-дәл көрсету үшін  еліміздің белгілі қоюшы суретшілері С. Құрманбеков пен Ө. Шманов ат салысты.  Фильм 5К форматында соңғы үлгідегі заманауи және технологиялық санды кинокамерасында түсірілді.

Киноэпопеяға түскен актерлер туралы да айта кеткен жөн. Аталмыш фильмде кейіпкерлердің барлығы дерлік өмірде болған шынайы тұлғалар болғандықтан, олар ең алдымен портреттік сәйкестігі бойынша іріктелінді.   Басты рөлде қазақстандық жас актер Нұрлан Әлімжанов. Басқа образдарды елімізге кеңінен танылған, көрнекті актерлер сомдады: М. Есманова, Т. Аралбай, Е.Жарылқасынұлы, А.Әлішева, И.Әбілмәжінов, А. Әсенов, И. Нұртазин, сондай-ақ, ресейлік белгілі актерлер В. Гафт, И. Ясулович, А. Рапопорт, В. Стеклов және басқалар.

«Тығырықтан жол тапқан» фильмі 4 желтоқсаннан бастап жалпыұлттық прокатқа шығады.

по материалам: www.mk.gov.kz