«Қарагөз» ұлттық балеті «Астана Опера» театрының негізгі сахнасында

08.01.2015 10:16 1416

 

8 қаңтар, 2014. Астана. Бүгін «Астана Опера» театрының негізгі сахнасында балет сыншылары мен сарапшыларының жоғары бағасына ие болған «Қарагөз» ұлттық балеті өтеді.

Бас партияда «Астана Опера» балетінің жетекші солисті Әнел Рүстемова, басты кейіпкерлер Сырым мен Наршаның бейнесін талантты биші-әртістер: Арман Оразов пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера»балетінің жетекші солисті Тайыр Гатауов сомдаса, Гауһар Усина – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисті, Қарагөздің әжесі Мөржанның рөлін ойнайды.

Тұсауы жақында ғана кесілген ұлттық балетіміз БАҚ-та,  сондай-ақ балет сыншылары арасында үлкен қызығушылық тудырғанын атап өтейік. Педагогика ғылымдарының докторы, ҚазҰӨУ профессоры Айгүл Күлбекова өзінің «Классикаға – ерекше қарым-қатынас» атты мақаласында балеттік спектакль көркемдік тұрғыдан келісті безендірілгенімен таң қалдырғанын айтады.– Костюмдер, түстер, жарық, декорациялар – барлығы көрерменнің қабылдау қабілетін еселей түсетіні сөзсіз. Қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов хореографтың идеясын толыққанды жүзеге асырды.

Ғазиза Жұбанова балетті Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драмасының желісі бойынша 1987 жылы жазған. Балеттің тұсаукесері «Астана Операда» 2014 жылы 5 желтоқсанда 2 бөліммен және 9 көрініспен, реквиемдегідей Прологымен және Эпилогымен өтті. Музыкалық редакцияны «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және балетті қойған Вакиль Усманов жасады.

 

           

по материалам: mk.gov.kz