Тарихы

 

Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 ж. 30 шілдедегі қаулысымен «Мәдени саясат және өнертану» ЖШС және «Көшпелілердің мәдени мұрасы проблемалары жөніндегі қазақ ғылыми зерттеу институты» ЖШС-ларын қайта құру және біріктіру жолымен  құрылған.  

Мәдени саясат және өнертану институтының тарихы 1934 жылдан бастау алады. Осы жылы 11 қарашада Мәдениет (тарих, тіл, әдебиет, өнер, материалдық өнер, өлкетану) саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын бір ізге түсіру жөніндегі Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ АКСР-і ОАК жанынан Қазақ ұлттық мәдениетін ғылыми-зерттеу институтын ашу туралы шешім қабылдайды. Қазақстандағы алғашқы ғылыми институттардың бірі, ол сол жылдары еліміздегі күрделі мәдени-саяси мәселелерді шешу үшін құрылған.

Қазақ мәдениет институтын құрудағы мақсат – ұлттың мәдени құрылымы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының бәрін өзара ықпалдастыру мен үйлестіру болатын. Сол кездегі қазақтың зиялы қауымы жаңа институттың құрылуын ерекше ықыласпен қабыл алды. Институттың тарих және археология, әдебиет және фольклор, лингвистика (қазақ, ұйғыр және дүнген тілдерін оқытуға арналған), көркем өнер, музыка және хореография, театр және кино бөлімдері жұмыс жасай бастады.

 Қазақ ұлттық мәдениетін ғылыми-зерттеу институтының негізін салушылар мен бірінші басшылары сол кездегі қазақтың көрнекті ағартушы ғалымдары еді. Олардың арасында Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, түрколог, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, қазақ филологиясын зерттеуші ғалым Сәрсен Аманжолов,  белгілі шығыстанушы ғалым, мемлекет қайраткері Санжар Асфендияров, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, ғалым-лингвист, әдебиеттанушы, түрколог Ахмет Байтұрсынұлы болды.

Сонымен қатар Институтта түрколог, ағартушы-педагог, профессор Құдайберген Жұбанов, белгілі суретші, педагог Николай Хлудов, түрколог, Қазақ Ғылым академиясының академигі Ісмет Кеңесбаев, Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ғалым, экономист Серғали Толыбаев, тіл білімі саласының маманы, түрколог, Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Мәулен Балақаев,  қазақтың тұңғыш театр суретшісі, республикаға еңбегі сіңген өнер қайраткері Құлахмет Қожықов т.б. қызмет етті.

Институт бой көтерген алғашқы жылдардың өзінде қазақ ауыз әдебиеті, тарихы мен этнографиясына қатысты мәліметтерді жинау жұмыстары қарқынды жүре бастады. Осы жылдары С.Сейфуллин, С.Мұқанов, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов сынды ғалымдардың қатысуымен қазақ тіл білімі мен әдебиеттануға қатысты өзекті мәселелер қамтылған көптеген еңбектер жарық көрді.   

Аз уақыт ішінде елімізде өлке тарихын зерттеу жұмыстарын басты орынға қойған ғылыми мекемелер пайда болды. Бірақ Сталин тұсындағы жеке басқа табынушылық жылдарында, яғни 1937-1938 жылдары көптеген ұлт жанашырлары, өнер қайраткерлері, жазушылар мен ғалымдар қудалауға ұшырап, зерттеу жұмыстары аяқсыз қалды.

Одан әрі институт бірнеше рет қайта құрылды:

- Республикалық Халық шығармашылығы орталығы (1939-1974 ж.ж.);

- Республикалық ғылыми-әдістемелік Халық шығармашылығы мен мәдени-ағартушылық жұмыстар орталығы (1974-1994 ж.ж.);

- Мәдени мәселелер республикалық ғылыми орталығы (1995-1998 ж.ж.);

- Қазақ мәдени саясат және өнертану ғылыми-зерттеу институты (1998-2005 ж.ж.);

- «Мәдени саясат және өнертану институты» ЖШС (2005-2012 ж.ж.).

2005 жылы «Көшпелілердің мәдени мұрасы проблемалары жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институты» ретінде ашылған мекеменің тарихы  1966 жылдың 26 мамырынан бастау алады. Ол жылдары ұйым мәдени ескерткіштерді, көркем және қолданбалы өнер туындыларын қайта жөндеумен, қалпына келтірумен, оларды республика аумағында қажетті құжаттармен қамтамасыз етумен айналысатын Республикалық ғылыми-жаңғырту өндірістік шеберхана ретінде жұмыс істеген.

60-шы жылдарда Қазақстан, Кеңес одағының құрамындағы өзге республикалар сияқты, ата-бабадан қалған мұра, баға жетпес тарихи жәдігерлер мен ескерткіштерді, тарихи-мәдени нысандарды қорғау және сақтау жұмыстарын қолға алу мәселесін көтерді. Ескерткіштерді материалдық мәдени мұра, мәдениет саласының нысаны, мәдениеттің бір бағыты ретінде түсіну аталған мәселелердің шешімін табуына мүмкіндік берген еді.

Одан әрі институт бірнеше рет қайта құрылды:

- Ғылыми-жаңғырту және жөндеу бірлестігі (1974-1977 ж.ж.);

- «Қазреставрация» республикалық арнайы ғылыми-жаңғырту өндірістік шеберханасы (1977-1980 ж.ж.);

- «Қазреставрация» ғылыми-жаңғырту бірлестігі (1980 ж. маусым – 1980 ж. қараша);

- «Қазжобареставрация» ҚазақКСР-і Мәдениет министрлігінің мәдениет ескерткіштерін қайта жаңғырту мен қорғау жөніндегі жобалық-конструкциялық институты (1980-1993 ж.ж.);

- «Материалдық мәдениет ескерткіштерінің ғылыми-зерттеу институты. (1993-2005 ж.ж.) 1996 жылы институтқа республикалық кәсіпорын мәртебесі берілді;

- «Көшпелілердің мәдени мұрасы проблемалары жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институты» (2005-2012 ж.ж.).

2012 жылдан бастап, жоғарыда көрсеткеніміздей, аталған институттың Мәдени саясат және өнертану институтымен қосылуы нәтижесінде Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институты құрылды.