«Қазақстан мәдениетінің әлемдік кеңістікке интеграциялану бағыттары және мәдениеттегі инновациялық құбылыстар»

«Қазақстан мәдениетінің әлемдік кеңістікке интеграциялану бағыттары және мәдениеттегі инновациялық құбылыстар»

Әлемдік мәдени үдерістерге қосылу үшін дүниежүзіндегі мәдени жетістіктерден сабақ ала отырып, қазақстандық және әлемдік мәдениеттің мақсаттары мен міндеттерін жақындастыру, отандық мәдениет саласындағы алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру барысында шетелдік мәдени мекемелермен тәжірибе алмасу аса қажет.

Бұл мәселелерді шешу мәдени, ғылыми жобалардың, бағдарламалардың алмасуын қажет етеді. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарындағы еліміздің абыройын асқақтау, соның ішінде отандық мәдениет жетістіктерін насихаттау мақсатында арнайы күш біріктірген абзал. Бұл жағдайда аталған жоба әлемдік интеграция үдерістеріндегі отандық мәдениетке арналған басым, оңтайлы және қауіпсіз бағыттарды анықтауға бағытталған алғашқы ғылыми зерттеу  болып саналады.

Заманауи жаһандану үдерісімен бірге Қазақстанның әлемдік қауымдастықпен экономикалық, саяси және мәдени ықпалдастығы да дамып келеді. Бұл үдерістердің көрсеткіштері – Қазақстанның жетілген бәсекеге қабілеттілігі, трансұлттық, мемлекетаралық компаниялар мен одақтардың құрылуы, сондай-ақ мемлекетаралық мәдени тәжірибе алмасулардың пайда болуы. Қазақстан қоғамының саяси, экономикалық және рухани өмірінің жаңа заманға бейімделуі интеграциялық үдерістердің нәтижесі болуы ықтимал.

Қоғамның рухани өміріне қатысты жаңашылдық жаңа мәдениетті, әсіресе парасатқа негізделген мәдениетті қалыптастыруы керек. Дегенмен мәдениеттегі заманауи беталыстардың кейбір түрлері әр түрлі әлеуметтік топтар арасында қарсылық тудыруда. Мысалы, біз қазіргі заманғы жаппай белең алған жабайы поп-мәдениеттің таралу үрдістері, сапасы төмен аудио-бейне жазбалар, дәстүрлі емес діни (сектанттық) ағымдар мен БАҚ-та насихатталатын, табиғаты жағынан дәстүрі-салтымызға, Қазақстан халықтарының рухани құндылықтарына сай келмейтін басқа да құбылыстардың бар екенін білеміз.  Қоғамдағы осы сияқты жаңа заманға сай мәдени құбылыстар толыққанды зерделенбеген, осы күнге дейін оларға ғылыми зерттеулер жүргізілмей келеді. Соған орай, осы сияқты жобаға біздің еліміз мұқтаж деп санаймыз. Себебі оның теориялық та, тәжірибелік те маңызы зор болмақ.

Жобаның мақсаты – мәдениет саласындағы заманауи үдерістер мен интеграциялық беталыстарға талдау жүргізу мен оларды зерттеу, елімізде ұйымдастырылатын, мемлекетіміздегі саяси-экономикалық курстар сияқты кең көлемдегі мәдени құбылыстарға баға беру.

Жобаның мазмұны: қоғамның қазіргі мәдени жағдайын, мәдениет дамуының интеграциялық беталысын анықтау үшін ғылыми-тәжірибелік зерттеу жұмыстарын жүргізу; қазақстандық мәдениеттің әлемдік аренаға шығуына және одан әрі дамуына тосқауыл болатын себептерді анықтау; мәдениет мекемелерінің жұмыс түрлері мен әдістерін жетілдіруге, олардың мәртебелерін көтеруге себеп болатын ұсыныстар дайындау; мәдениет саласындағы, әсіресе ауыл және аудандық деңгейдегі мәдениет қызметкерлері арасында ағартушылық және білім жетілдіру жұмыстарын жүргізу.