Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Ақ
Әлем халықтарының мәдениетінде ақ түс ежелден сакралды түс ретінде қабылданып, құдайлық бастауды, киелілікті, тазалықты, даналықты білдіреді. Оны поэтикалық түрде барлық өзге түстердің бастауы саналатын «түстердің анасы» деп те атайды. Ежелгі Мысырда ақ түс қайта жаңғырумен және жерлеу культімен байланыстырылса, Ежелгі Римде мәртебенің белгісі саналып, мұндай түстегі киімді тек ақсүйектер мен жоғарғы билік өкілдері киген.
Түркі-моңғол халықтарында ақ түске қатысты түрлі наным-сенімдер, тыйымдар, халықтық белгілер мен ырымдар қалыптасқан. Ең алдымен бұл «ақ» деп шартты түрде аталатын сүт пен сүт тағамдарына қатысты. Оларды төгуге болмайды. Сүт пен қымыз Наурыздағы ғұрыптық әрекеттердің де қатысушысы болған: «ақ көбейсін!», «ақ мол болсын!» деген тілектер айтылып, онымен ту, жаңа кілем секілді заттарды да шашулап, ырымдаған.
Ақ түске деген ерекше көзқарас ғұрыптық салада да анық байқалады: сайланған ханды ақ киіздің үстіне көтерген, үйлену рәсімінде жас жұбайларды да ақ киізге отырғызған. Ақ не ашық түсті малдар құрбандыққа шалуға лайық деп танылған, ал ақ түсті құстар — аққу, бозторғай және басқалары — қол сұғуға болмайтын киелі құстар қатарына жатқызылған.
Қазақтарда бүгінге дейін ақ түс жағымды, таза ұғымдардың белгісі ретінде қабылданады. Мысалы, ақ көңіл, ақ жүрек, ақ ниет секілді тіркестер соны білдіреді. Кейбір жағдайларда ақ түс киеліліктің, құрметтің және мойындаудың нышаны ретінде жұмсалады: ақ түйенің қарны жарылу, ақ тілеу. Сондай-ақ ол қасиеттілікпен де байланысты: ананың ақ сүті, ақ сақал, ақ жаулық және т.б.
Бұдан бөлек, ақ түс тектіліктің, яғни ақсүйек әулетке жатудың белгісі ретінде де көрінеді: ақ сүйек, ақ орда, ақ үй және т.б.
«Ақ» сын есімі кейде әдемілік, сұлулық мағынасында да қолданылады: ақ тамақ, аққу мойын және т.б.
Қазақ мәдениетінде ақ түс тазалықтың, пәктіктің, әділдіктің, сондай-ақ жоғары әлеуметтік мәртебенің нышаны болып табылады. Қолданбалы өнерде күміс не металл пластиналармен әшекейленген сандық «ақ сандық» деп аталған.
Қазақтарда ақ түске байланысты бірқатар салттар да бар: ақ құю — үйге кірген жыланды шығару үшін сүт не айран құю; ақ белбеу — марқұмның ер туыстары тағатын ақ матадан жасалған аза белдігі; ақ байлау (ақтық) — киелі орындардағы ағаштарға ақ мата байлау немесе мазарларға ақ шүберек апару дәстүрі; ақ таяққа сүйену — жерлеу-ас беру рәсімдерінде ақ таяқты қолдану және т.б.
Түркі халықтарында «ақ» сөзі батыс бағытымен, дүниенің батыс тұсымен, сондай-ақ «ағынды, тез ағатын» мағынамен де сабақтастырылған. Қазақ тілінде ақ сөзінің мағыналас түстік атауларының бірі — боз. Халық түсінігінде кез келген ашық реңкті беткей ақ түске жақын қабылданған. Ақ не боз аттар мен биелердің бейнесі тек түркі мифтері мен фольклорында ғана емес, жалпы әлемдік мәдениетте де кең таралған.
Қазақ мәдениетінде ақ түстің өзге түстермен үйлесімі де маңызды мәнге ие. Мысалы, басқұрдағы ақ пен қызыл түстің қатар қолданылуы магиялық сипатта қабылданып, «айбынды өмірлік күшті» білдірген. Ақ түс өзге түстермен үйлескенде тұмарлық, қорғаныштық қызмет атқарған. Бұл, әсіресе, әйелдердің бас киімі — кимешектен көрінеді. Жас әйелдердің кимешегінде ақ түстің үстіне қызыл, жасыл және өзге де ашық түстермен кесте салынса, егде әйелдердің кимешегінде ақ түс пастельді, жұмсақ реңктермен ұштасқан. Бірінші жағдайда ашық өрнек жастықты, құнарлылықты білдірсе, екінші жағдайда сабырлы солуды, қарттықты табиғи қабылдауды аңғартқандай.
Орталық Азия халықтарында ақ пен көк түстің үйлесімі де кең таралған. Бұл сәулет өнерінде, әсіресе қаптама тақталарында, сондай-ақ қыш өндірісінде көрініс тапқан. Мысалы, ақ-көк реңкті табақ «той леген» немесе «ляган» деп аталып, оны шеберлерге арнайы отбасылық мерекелерге — тойға, сүндетке және басқа да салтанаттарға арнап жасатқан.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.