Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Қорғасын
Қорғасын адамзаттың мәдени қалыптасуымен ең ерте дәуірлерден бірге жасасып келеді. Авесталық, ведалық және өзге де көне мәдени дәстүрлерде қорғасын алтын, күміс, темір, қола не мыс, қалайы және сынаппен бірге металдардың «алхимиялық жетілігін» құраған. Бәлкім, қорғасынның алтын, күміс, мыс және темір дәуірлеріне дейінгі кезеңнен жеткен өзіндік «сарқыншағы» оның натурфилософия мен мифопоэтикада тылсым, көмескі, бірақ айрықша магиялық қуатқа ие металл ретінде қабылдануына негіз болған шығар.
Бұл металл Батыс және Оңтүстік Сібір халықтарының культтік бұйымдарын жасауда кеңінен қолданылған. Ертеректе Обь өңірінің угорлары, хантылар мен мансылар қорғасыннан рух-қамқоршылардың мүсіндерін құйған. Олар көбіне пұтқа ұқсас ер адам бейнесінде, бұғы, бұлан, қасқыр және басқа да жануарлар түрінде жасалған. Ата-баба культінің немесе қорғаушы бейненің заттық көрінісі «қорғасын» сөзінің өзінен де байқалады. Бұл атау барлық түркі тілдерінде ортақ «қорғаушы» мағынасымен сабақтас: қазақтарда — қорғасын, қырғыздарда — коргошун, башқұрттарда — ҡурғаш, түріктерде — kurşun, өзбектерде — қўрғошин.
Түркі мәдениетінде қорғасынның басты қызметі — адам жанын қорғау, ауру рухын көшіруге болатын алмастырушы, егіз бейне қызметін атқару. Қазақ бақсылары күні бүгінге дейін қорғасын құю арқылы емдеу тәсілін қолданады. Бұл кезде алдын ала сұйық күйге дейін қыздырылған қорғасын адамның басының үстінде тұрған суы бар ыдысқа құйылады. Соның нәтижесінде пайда болған әртүрлі пішіндерге қарап науқастың жағдайы анықталады. Бұл ғұрыптың негізінде адамды меңдеген жаман рухтың қорғасынға «ауысып кетеді» деген түсінік жатыр.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.