Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Сыр кілем, ХХ ғасырдың басы

(«қоңырат кілем»). ХХ ғасырдың бірінші жартысы. Өлшемі: 160 × 335 см. КП 879. ҚР Орталық мемлекеттік музейінің қоры (Алимбай 61).

Халық арасында «сыр кілемі» немесе «қоңырат кілемі» деп аталатын түкті кілем Сырдария өңіріне тән жалпыаймақтық көркемдік дәстүрлердің жергілікті нұсқасын айшықтайды. Қоңырат тайпасының шеберлері осы аймақтық дәстүрді шебер меңгеріп, кілем тоқу өнерін өз есімдерімен халық жадында сақтау арқылы оны тайпалық бірегейліктің нышанына айналдыра білді.Композициялық тұрғыдан алғанда, кілемнің беті төрт және сегіз қырлы розеткалармен, сегіз тісті өрнектермен толық көмкерілген, ал жиектері бүкіл периметрі бойынша «алақұрт» оюымен безендірілген. Мұндай жиекті композиция «тұйықталған типке» жатады, ол сыртқы әсерден қорғалған «әлем моделін» бейнелесе, жиектегі өрнектер өзіндік «сақтаушы» (қорған) қызметін атқарады (Көкумбаева, 116). Өз кезегінде, кілемнің орталық алаңын торкөзді ою-өрнек элементтерімен толтыру (торкөзді композиция), «дәстүрлі таным бойынша, бір тайпа құрамындағы әртүрлі рулардың бірлігі мен өзара байланысы идеясын көрсетеді» (Көкумбаева, 116).