Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері
Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат
Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.
Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.
Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.
Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.
Қазақстанның дәстүрлі өнері
Дәстүрлі қазақ кілемдері мен төсеніштері
Түкті кілем
Түксіз кілемдер
Қазақтың кілем тоқу өнері — аймақтық және рулық-тайпалық ерекшеліктердің өшпес ізін сақтаған бірегей мәдени құбылыс. Орталық Азияның кілемшілік жүйесінде қазақ өнерінің өз орны бар. Ол, Б.Х. Кармышеваның пайымдауынша, тек қазақ халқына ғана тән өзіндік декорды қалыптастырған. Қазақ кілемдеріне тән аймақтық және рулық сипаттар Р. Карутц, А. Фелькерзам, М.С. Мұқанов, Ө. Жәнібеков, Ә.Х. Марғұлан, Н. Әлімбай, К.Б. Касенова сынды бірқатар зерттеушілердің еңбектерінде жан-жақты қарастырылған.
Қазақ кілем тоқу өнері туралы деректер ең ерте XVIII-XIX ғасырларға жатады. Ал неғұрлым толық мәліметтер XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жарық көрген, А.Е. Фелькерзам, С.М. Дудин және Р. Карутцтың жұмыстарында кездеседі. Дегенмен, бұл еңбектерде қазақ кілемдерінің өзіндік ерекшеліктеріне аса терең мән берілмеген. Салыстырмалы түрде алғанда, отандық этнографтар М.С. Мұқанов, Ә.Х. Марғұлан, Х. Арғынбаев, Ө. Жәнібеков және басқа да ғалымдардың еңбектерінде мазмұнды әрі ауқымды деректер ұсынылған. Сонымен қатар, түрік зерттеушілері Т. Парлак пен О. Зайымұлының еңбектерінде (2002; 2006) «сыр кілемдері» жеке нысан ретінде зерттелген.
XX ғасырдың басында Қазақстан аумағында түкті және түксіз кілем бұйымдарын өндіретін аймақтар нақты ажыратылды. М.С. Мұқановтың пікірінше, түкті кілем тоқу кәсібі Сырдария өзенінің алабы мен Оңтүстік Қазақстан өңірінде кең тараса, түксіз кілемдер Сырдариядан солтүстікке қарай орналасқан Қостанай, Ақтөбе және өзге де облыстарда өндірілген (Мұқанов, 1959: 94). Сондай-ақ, түкті кілемдердің географиялық орталықтарына Атырау және Маңғыстау облыстарын да жатқызады (Әлімбай, 2020: 71).
Түксіз кілем тоқу өнерінің таралу ареалы оңтүстік (Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысының батыс бөлігі), батыс (Маңғыстау және Гурьев облыстары), сондай-ақ Орталық және Солтүстік Қазақстан (Жезқазған, Торғай, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары) өңірлерін қамтыды. Осы ареалдың оңтүстік және батыс аймақтарында түксіз кілемшілік түкті кілем тоқу өнерімен ұштасып жатты. Мәселен, түксіз өрнекті жолақтар — қызыл басқұрлар бүкіл Қазақстан аумағында тоқылса, палас негізіндегі түкті өрнектері бар жолақтар — ақ басқұрлар тек Сырдария алабы мен Каспий маңы өңірінде ғана кездесетін. Қазақ ортасындағы түкті кілем тоқу өнері ерте көшпенділер заманында Орта Азия мен Таяу Шығыстан бастау алып, түркі әлемінде одан әрі дамыған ежелгі кілемшілік дәстүрлерімен сабақтас деп есептеледі (Әлімбай, Мұқанов, Арғынбаев, 1998: 138-139).
Осылайша, кілем бұйымдары түкті, түксіз және аралас техникада орындалуы мүмкін. Бұл ретте қазақтың түксіз тоқу өнері көне дәуірден бастау алады және Евразияның ежелгі көшпелі мәдениеттерімен тығыз байланыстырылады. Тувадан (Аржан-1, ерте темір дәуірі), Батыс Сібірден (XIII – XIV ғ. басындағы Сайгатин қорымы, Сургут өңірі) және өзге де аймақтардан табылған археологиялық тоқыма үлгілері жоғарыда аталған болжамдарға ғылыми негіз болады (Глушкова, Октябрьская 2007: 441).
Тоқу техникасына қарай түкті кілемдер бірнеше түрге бөлінеді: «қалы кілем» — көлемі жағынан ең үлкені, «масаты кілем» — тоқылуы тығыз әрі сапалысы. Олардың жалпы атауы — түкті кілем. Ал түксіз кілемдерді әдетте тақыр кілем деп атайды. Халық жадында бүгінгі күнге дейін сыр/қоңырат кілем, маңғыстау/адай кілем, торғай кілем, жетісу кілем және т.б. өзіндік атаулар сақталып қалған. Бұл кілемдер ою-өрнегі мен түстер үйлесімділігі жағынан айқын ерекшеленеді. Кілем бұйымдарының негізгі композициясы күрделі геометриялық өрнектерге негізделген. Кілемнің орталық алаңындағы медальон-өрнектердің түріне қарай түкті кілемдер бірнеше топқа жіктеледі: «Шаршы кілем», «Самаурын кілем», «Шатыргүл кілем» (немесе «жұлдызгүл кілем»)және «Гүлкүмбезді кілем». Өрнектік негізде «Шаршы кілем» — негізгі өрнегі шаршы немесе ромб түрінде болады; «Самаурын кілем» — медальондары самаурынға ұқсас; «Шатыргүл кілем» (немесе «жұлдызгүл кілем») — жұлдыз тәрізді медальондары бар; «Гүлкүмбезді кілем» — өрнегі күмбезге ұқсайды. Мұндай кілем түрлері Қазақстанның Оңтүстік өңірлеріне (Түркістан және Қызылорда облыстары) тән. Батыс Қазақстан кілемдерінің де өзіндік иконографиялық ерекшеліктері бар, олардың көбі түрікмен бұйымдарымен ұқсас келеді.
Түксіз кілемдер де орындалу техникасы мен иконографиясына қарай классификацияланады және бүкіл Қазақстан аумағында таралған. Тоқу әдісіне қарай олар «орама кілем», «бескесте кілем» және «терме кілем» деп аталады. Ал иконографиялық белгілеріне қарай «шаршы кілем», «баднас кілем» («поднос» сөзінің өзгерген нұсқасы), «тақта кілем», «самаурын кілем», «шатыргүл» немесе «жұлдызгүл кілем» деген атаулар қалыптасқан. Сондай-ақ, кілем тоқу өнерінде шағын бұйымдардың да алуан түрі кездеседі: дорба (сумы), жержастық (наволочки), қоржын (переметные сумы) және т.б.
Дәстүр бойынша кілем тоқу кәсібімен негізінен бір отбасының немесе бір ауылдың әйелдері өз қажеттіліктері үшін айналысқан. ХХ ғасырдың ортасында Алматыда кілем бұйымдарын фабрикалық негізде шығаруды жолға қойған «Ковровщица» артелі құрылды. Бұл артель — кілем тоқуды өнеркәсіптік деңгейде жүйелі дамыта бастаған алғашқы кеңестік кәсіпорындардың бірі. Бастапқыда мұнда қолдан тоқудың дәстүрлі тәсілдерін жетік меңгерген шеберлер еңбек етті. 1937 жылдан бастап артель жанында кілемдер мен гобелендердің эскиздерін дайындайтын суретші-дизайнерлер жұмыс істеді. Олардың қатарында Ә. Қастеев, Н. Цивчинский, Ә. Ысмайылов сияқты танымал қазақ суретшілері болды.
Бүгінде қазақ кілемдері мен кілем бұйымдарының құнды коллекциялары ҚР Орталық мемлекеттік музейінде, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығында, сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейлерінде және басқа да мәдени мекемелерде сақтаулы.