Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері
Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат
Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.
Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.
Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.
Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.
Қазақстанның дәстүрлі өнері
Қыш өнері
- Тагара. XVI–XVII ғасырлар. Отырар оазисі
- Үш түсті өрнегі бар тагара. XVIII–XIX ғасырлар. Күлтөбе қалашығы
- Тостаған. XVIII–XIX ғасырлар. Күлтөбе қалашығы
- Керамикалық табақ. XVIII–XIX ғасырлар. Күлтөбе қалашығы
- Екі түсті өрнегі бар тостаған. XVIII–XIX ғасырлар. Күлтөбе қалашығы
- Тостаған. XVIII–XIX ғасырлар. Күлтөбе қалашығы
- Дастархан. XII ғасыр. Отырар
- Ыдыс. X–XII ғасырлар. Тараз
- Қақпақ тұтқасы. XI–XII ғасырлар. Отырар
- Сандал-ошақ. XI–XII ғасырлар. Отырар
- Қошқар мүсіні. XIV–XV ғасырлар. Отырар
Қыш — кез келген аймақтың тарихи-мәдени сипаттамасын айқындайтын өзіндік индикатор және сенімді маркер іспетті ең көп «сыр шертетін» археологиялық артефактілердің бірі. Қыш өнері Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде ерекше маңызға ие болды, өйткені мұнда отырықшы халықтың шоғырлануы мен Ұлы Жібек жолының сауда бағыттары арқасында қолөнер дәстүрлері қарқынды дамыды. Бұл тұрғыдан алғанда, Оңтүстік Қазақстанның керамикасы ортағасырлық қала мәдениеті дамуының маңызды көрсеткіші ретінде, осы аймақтың жақын және алыс шетелдердің кең ауқымымен тарихи-мәдени және әлеуметтік-экономикалық өзара байланыстарын қоса алғанда, ауқымды ақпарат көзі болып табылады. Тұтас Орталық Азиялық керамика стилінің арнасында өркендеген Отырар, Тараз және Түркістан мектептері ерекше көзге түседі. Археологиялық олжалар орта ғасырлардағы қыш өндірісінің жоғары деңгейін айғақтайды: қыш ыдыстар формаларының, ою-өрнектерінің және технологиялық шешімдерінің алуан түрлілігімен ерекшеленді.
Керамикалық бұйымдар қолданылу мақсатына қарай тұрмыстық, ғұрыптық және архитектуралық болып бөлінеді. Олардың даму деңгейі өндірілетін тауарлардың жоғары сапасы мен мол ассортиментін көрсетеді. Тұрмыстық керамика бұйымдардың 32 түрімен сипатталады, олардың қатарында: тостағандар, тағарлар (үлкен қыш ыдыс аяқтар), табақтар және түрлі ыдыс-аяқтар бар. Қыш ыдыстар халықтың салт-дәстүр мен ғұрыптық мәдениетінің өзегіне берік өрілді.
ХІІІ ғасырдың басында керамиканы көркемдік безендіруде жаңа үрдістер пайда болады: жасыл және сары глазурьмен (сырмен) көмкерілген қызыл-қоңыр және ақшыл сазды әрлеу қоспасы қолданыла бастайды. Суреттер негізінен монохромды (бір түсті) келіп, өрнектер ірі тексте салынды. Кейінірек қыш шеберлері түссіз, көгілдір, жасыл және т.б. әртүрлі сырларды қолдануға көшті. Бояу өрнектерінің түс палитрасы да сан алуан болды: көгілдір, көк, күлгін, ақық (бирюза) түстердің түрлі үйлесімдері кездесті.
ХІV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың басында атақты көкшіл-ақ түсті «темірлік» (тимуридтік) стиль дүниеге келіп, оның негізгі «тапсырыс берушісі» түркі, кейінірек түркі-моңғол ақсүйектері болды. ХVІ–ХVІІІ ғасырларда сопылық практикалармен және іліммен байланысты болуы мүмкін сары фонды керамика пайда болады.
Дәстүрлі қазақ керамикасындағы ою-өрнек тек сәндік қызмет қана атқарып қоймай, символдық және мәдени мағынаны жеткізудің тәсілі болды. Геометриялық өрнектер, иректер, ромбылар, сызықтар мен шиыршықтар (спиральдар) көшпенді өмірінің маңызды қырларын: табиғатпен байланысты, уақыттың айналмалы шеңберін, жын-шайтаннан қорғануды, құнарлылық пен ғаламның үйлесімділігін бейнеледі. Жалпы алғанда, ою-өрнек сюжеттері өсімдік тектес розеткалар, гүл бұталары, раушан гүл бүршіктері, жүзім шоқтары, жапырақтар, өркендер мен бұтақтардан тұратын күрделі композициялардан құралады. Сонымен қатар, космогониялық символикасы бар композициялар да бұйралар, шиыршықтар, солярлық (күн) белгілер және көктің (аспанның) өзге де сан түрлі атрибуттары өте танымал болды. Көшпенділердің дәстүрлі «қошқармүйіз» және «қосмүйіз» өрнектері, сондай-ақ киіз үйдің керегесінен шабыт алған торкөзді мотивтер белсенді қолданылды. Кейбір үлгілерде керамиканың ою-өрнек құрылымының мазмұнына әріптік (жазу) өрнектер де үйлесімді түрде кіріктірілген.
Ғұрыптық керамикаға жергілікті наным-сенімдермен байланысты жануарлар мен құстардың мүсіншелері түріндегі шағын пластика (ұсақ мүсін өнері) жатады. Қаңлы дәуіріндегі «фарн-қошқар» (құт-береке символы) бейнесінен бастау алатын аспан қошқарына табыну культі Сырдария өңірінің мәдениетіне ХХ ғасырға дейін тән болды. Аталған деректер көне дәстүрлердің өміршеңдігін және жалпы алғанда, өнердің синкреттік (әр түрлі нанымдар мен стильдердің тұтасқан) сипатын көрсетеді.
Қаратаудың теріскей беткейлерінен Сырдарияның оң жағалауына дейінгі аумақта өндірілген ХVІ–ХVІІ ғасырлардағы соңғы ортағасырлық керамиканың маңызды ерекшелігі — сырдың (глазурдің) астына немесе қырып салу әдісімен таңба тәріздес белгілерді түсіру дәстүрі болып табылады. Керамикалық бұйымдардан қазақтың үш жүзіне де тән таңбалар, соның ішінде Ұлы жүздің қаңлы тайпасының таңбалары жиі табылды. Мамандар бұл дәстүрді ХVІ ғасырға дейін осы өңірде де, Орталық Азия мен Қазақстанның басқа аймақтарында да кездеспеген таза жергілікті құбылыс деп есептейді. Бұл үрдіс қыш шеберінің белгілі бір ру-тайпаға жататынын білдіруі немесе шеберхананың қазақ руының көсеміне тиесілі екенін көрсетуі мүмкін еді. Кейінірек керамикалық бұйымдар цех бірлестігінің басшысы — шебердің жеке мөрімен (штампымен) таңбалана бастады.