Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Тәуелсіз Қазақстанның өнері

Сурет салу

XXI ғасырдағы қазақ кескіндемесінің дамуы ұлттық дүниетаным, мәдениеттің визуалды жады және заманауи өнердің өзекті стратегиялары өзара табиғи тоғысқан күрделі әрі көпқабатты үдеріс болып табылады. Галереяның осы бөлімінде ұсынылған көркем шығармалардың негізгі бағытын қазақстандық белгілі өнертанушы Диляра Шәріпова ұсынған heritage painting («мұра кескіндемесі») ұғымы арқылы сипаттауға болады. Бұл бағыт мәдени жадыға, ұлттық архетиптерге, тарихи бейнелерге және дәстүрлі мәдениеттің символдық жүйесіне негізделген заманауи өнер түрін білдіреді. Мұндай шығармаларда суретшілер өткеннің элементтерін жай ғана қайталамай, оларды қазіргі кескіндеме тілі арқылы қайта пайымдап, дәстүр мен заманауи көркемдік тәжірибелерді өзара сабақтастырады.

Осы тұрғыдан алғанда визуалды образ семиотикасы ерекше маңызға ие. Ол өнер туындысын таңбалар, символдар және мәдени мағыналар жүйесі ретінде қарастырады. Француз семиотигі Ролан Барттың пікірінше, бейне ешқашан бейтарап болмайды ол кез келген визуалды образ жасырын мағыналар мен идеологиялық кодтарға толы «мәдени мәтін» болып саналады. Қазіргі қазақ кескіндемесінде мұндай таңбалар жүйесі дала бейнесі, шаңырақ, киіз үй, ою-өрнек, дәстүрлі киім, көшпелі өркениет символдары және басқа да ұлттық мәдени кодтар арқылы көрініс табады. Бұл элементтер ұжымдық жады мен ұлттық бірегейліктің визуалды маркерлері ретінде қызмет атқарады.

Умберто Эконың визуалды семиотика теориясы тұрғысынан алғанда, көркем образ – көптеген интерпретацияларға мүмкіндік беретін «ашық шығарма» болып саналады.. Сондықтан қазіргі қазақстандық кескіндеме дәстүрлі символдарды contemporary art эстетикасымен ұштастырып, жаңа визуалды ой айту формаларын қалыптастырады. Суретшілер интермәтіндік (intertextuality), мәдени код (cultural code) және визуалды баяндау (visual narrative) қағидаттарына сүйене отырып, ұлттық мотивтерді жаһандық көркемдік контекске енгізеді. Нәтижесінде дәстүрлі образдар жаңа мағынаға ие болып, визуалды коммуникацияның әмбебап тіліне айналады.

Америкалық визуалды мәдениет теоретигі Уильям Джон Томас Митчелл өзінің pictorial turn тұжырымдамасында қазіргі мәдениеттің әлемді барған сайын визуалды образдар арқылы қабылдайтынын атап көрсетеді. Осы тұрғыдан қарағанда, XXI ғасырдағы қазақ кескіндемесі дәстүрлі баяндаушы сипаттағы бейнелеуден концептуалды визуалды ойлауға бет бұрғанын аңғартады. Мұнда символ, метафора, таңба және мәдени ассоциациялар негізгі көркемдік құралдарға айналады.

Қазақстанның заманауи өнерін зерттеуде Хоми Бхабха ұсынған мәдени гибридтілік (cultural hybridity) тұжырымдамасы да ерекше өзектілікке ие. Оның теориясына сәйкес, қазіргі мәдениет жергілікті және жаһандық, дәстүрлі және заманауи құндылықтардың өзара әрекеттесуі нәтижесінде қалыптасады. Бұл қағида XXI ғасырдағы қазақ кескіндемесінің негізгі ерекшеліктерінің біріне айналды. Мұнда этникалық мотивтер постмодернизм эстетикасымен, digital art бағыттарымен, mixed media тәжірибелерімен және contemporary art-тың жаһандық визуалды практикаларымен үйлесім табады.

Осылайша, қазіргі қазақ кескіндемесін мәдени жадыны, ұлттық бірегейлікті және көркемдік ойлаудың жаңа формаларын сақтап әрі дамытып отырған күрделі семиотикалық жүйе ретінде қарастыруға болады. Символдар, таңбалар және визуалды кодтар тілі арқылы Қазақстан суретшілері мәдени диалог кеңістігін қалыптастырып, ұлттық дәстүрлерді әлемдік заманауи өнер үдерістерімен сабақтастырады.

Ұсынылған әдебиет